Біз еліміздің келбетін ғана емес, ұлтымыздың менталитетін өзгертіп жатырмыз – Президент
Халық кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл істе қайткен күнде де кідіруге немесе босаңсуға болмайды.
"Менің тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінімді байқаған боларсыздар... Жекелеген тұлғалар, тіпті, тұтас халықтар өзін-өзі тәрбиелей алмағанын тарих дәлелдеді. Мұндай міндетті отбасы мен мектеп, қоғам мен мемлекет, ең алдымен, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы орындай алады. Біз қалалар мен тұтас еліміздің келбетін ғана емес, одан да маңыздысы, ұлтымыздың менталитетін өзгертіп жатырмыз. Немқұрайлық пен салғырттықтан, тіпті өшпенділіктен біртіндеп арылып, тазалыққа, жауапкершілікке, табиғатты аялауға бой үйрете бастадық", - деді Президент.
Президенттің айтуынша, бұл азаматтардың, оның ішінде бірнеше буын өкілдерінің көңіл-күйіне жағымды әсерін тигізіп, қоғамдағы ахуалдың жақсаруына ықпал етеді, түптеп келгенде экономикалық өсімді жеделдететін факторға айналады.
"Таза Қазақстанның" қуаты – қоғамды жылдар бойы жалғасатын жағымды әрі жасампаз күн тәртібінің төңірегіне топтастыруда. Маңайы тап-таза болып, жарқырап тұрса, адам да соған сай әдеп сақтауға тырысады. Лас әрі қараусыз жерде енжарлық басып, құқықтық нигилизм белең алады. Бұл құбылыс әлемдік урбанистикада "сынған терезе салдары" деген атаумен белгілі. Сондықтан "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы мен "Заң және Тәртіп" қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес".
Сондай-ақ Мемлекет басшысы сәні мен сәулеті жарасқан қала кеңістігі қатал ұстаз сияқты артық ақыл айтып, ділмәрсімей-ақ дұрыс жүріп-тұруға баулитынын айтты. Тазалық азаматтарымызды өз қадір-қасиетін сезінуге үйретіп, ертеңге деген сенімін күшейтеді.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
"Мұның бәрі – бір-бірімен байланысты дүние. Көшедегі тазалық пен тәртіп қоғамды жасампаздыққа құлшындырып, әлеуметтік оптимизмді оятады. Сайып келгенде, елдің әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Біз әлеуметтік масылдықтан арылып, жауапты серіктестікке түбегейлі көшуге жағдай жасауымыз керек", - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, елдегі өзгеріс қарапайым істен басталады: тұрғындары іскер, белсенді әрі жаңашыл әкімді сайлаған берекелі ауылдан, өз үйінің мәселесіне бей-жай қарамайтын мүлік иелері бірлестігінің тату-тәтті тіршілігінен, азаматтарға шарапаты тиген волонтерлік және қайырымдылық бастамалардан көрінеді.
Тоқаев табиғатты қасақана ластайтындарға жазаны күшейтуді ұсынды
Еске салайық, Президент Тоқаев өз сөзінде табиғатты және қоғамдық орындарды ластағаны үшін жазаны қатаңдатуды ұсынған болатын.