Каспийдегі қайғылы оқиға: сарбаз ауыр жағдайда жатса да қаза тапқан досының беретін қолынан тастамаған
Әлеуметтік желілерде Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған әскери қызметші Ақжол Темірәлиевтің әсерлі суреті тарап жатыр, - деп хабарлайды Tengri Life.
Суретте ол қаза тапқан досы әрі қызметтесі Азамат Мәдиханның беретін ұстап жатыр. Жазбаға сүйенсек, әскери қызметші болған жағдайдан кейін ауыр халде жатқанына қарамастан, беретті қолынан тастамаған. Сондай-ақ Ақжол оны қаза тапқан досының ата-анасына жеке өзі бергісі келгені айтылған.
Скриншот: Threads
Қазақстандықтар пікірлерде Ақжолға алғыс айтып, оның ауыр жағдайына қарамастан, қаза тапқан жолдасының беретін тастамаған ерлігін жазып жатыр.
"Оның не көргенін елестетудің өзі қорқынышты", "Қаза тапқан жігіттер үшін өмір сүр", "Сондай жас болса да, санасының биіктігі-ай", "Ол Азаматтың жоқ екенін білмеген. Өзіне жеке бергісі келген", "Бейбіт күнде өмір бойына психологиялық жарақат алып, қаруластары мен достарынан айырылды. Аман қалып, оларға көмектесе алмағаныңды біліп өмір сүру - ең ауыры, бұл үлкен қайғы", "Ата-анасы мен жақындарына төзім берсін", "Байғұс балалар-ай. Әлі бала ғой", "Арман-мақсаттары көп қаншама жас жігіт кетті", - деп жазып жатыр желі қолданушылары.
Аман қалғандардың жағдайы туралы не белгілі?
Бұған дейін Ақтаудағы төтенше жағдайдан аман қалған 19 жастағы Ақжол Темірәлиевтің жағдайы туралы ақпарат тараған болатын.
Біз Ақжолдың әкесі Тимурмен сөйлестік. Ол ұлы ем алып жатқанын айтты. Оқиғаның егжей-тегжейі әзірге белгісіз.
"Қазір жағдайы жақсы, Құдайға шүкір. Палатаға ауыстырды. Анасы жанында. Қазір ұлыма артық сұрақ қоймаймын. Бір жыл бірге болған жақын достары қаза тапты, мұның бәрін ол өзі де естіп жатыр. Сондықтан болған жайт туралы тергегім келмейді. Ол бәрін өзі де біліп, түсініп отыр ғой", - деді Тимур Қыдырниязов.
Сондай-ақ екінші аман қалған сарбаз - Атырау облысының 19 жастағы тумасы Бекет Мырзағалиев туралы да белгілі болды.
Әскери қызметшінің анасы Қарлығаш Мырзағалиеваның айтуынша, ол ауруханаға жеткізілмеген.
"Аллаға шүкір, ұлым аман. Таңертең Ақтауға келіп, өз көзімізбен көрдік. Ол дін аман, өздігінен жүріп-тұрады. Сын сағатта өз күшімен жағаға жеткен. Қалған жағдайлар тексерістен кейін белгілі болады", - деді ол.
Бекеттің анасының айтуынша, қазір ол өзін жақсы сезінеді және өздігінен қозғала алады.
Қаза тапқандардың жақындары естеліктерін бөлісіп жатыр
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары, достары мен сүйіктілері отбасылық мұрағаттағы суреттер мен бейнежазбаларды жариялап жатыр.
20 жастағы Азамат Мәдиханның отбасы үшін қайғылы оқиға алдындағы соңғы күндер оның үйге оралуын күтумен өтуі керек еді. Оның қызмет мерзімінің аяқталуына тоғыз күн қалған болатын. Туыстары оны қарсы алуға дайындалып, көрші-қолаң мен ағайынның басын қосып, үлкен той жасауды жоспарлаған еді.
Скриншот: Threads
Әлеуметтік желілерде басқа да сарбаздардың отбасылық кадрлары - серуендеген сәттері, кездесулері, әңгімелері мен күнделікті өмірлері жарияланып жатыр.
Скриншот: Threads
Кейбір туыстары сарбаздармен соңғы хат алмасуларын бөлісіп жатыр. Онда күнделікті әңгімелер, болашаққа құрылған жоспарлар мен тілектер айтылған. Енді бұл хабарламалар отбасылары үшін жақындарынан қалған естелікке айналды.
Скриншот: Threads
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға ағып кеткен. Олар оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда, ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.
Бастапқыда 19 әскери қызметші суға кеткені хабарланған болатын. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі 17 адам екенін нақтылады.
Сонымен қатар бүгін, 25 қыркүйекте екі әскери қызметші - сержант Мансұр Ғұмаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды. Қайғылы оқиғадан 14 адам қаза тапты.
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Комиссия қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуі тиіс.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Тағы оқыңыз:
Қорғаныс министрлігі Каспийдегі іздеу операциясының кадрларын көрсетті
“Үйінде асыға күткен еді“. Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындары соңғы естеліктерін бөлісті
Жүзіп шығып, досын іздеген: Маңғыстауда аман қалған сарбаздың видеосы пайда болды