Тоқаев қытайлық кәсіпкерлермен кездесті: Қазақстанда қандай жобалар іске қосылады?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан – Қытай" инвестициялық форумы аясында Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Тараптар жаңа өндіріс орындары, инвестициялар, электронды коммерция, жасанды интеллект, энергетика және логистика мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Құны 1,5 миллиард доллар болатын жүгері өңдеу зауыты
Тоқаев форум аясында бейнебайланыс режимі арқылы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша өнеркәсіп паркі құрылысын бастауға рұқсат берді.
Жобаны қытайлық Fufeng Group компаниясы іске асырады. Өндірістік кешенді инвестициялаудың алғашқы кезеңіне 350 миллион доллар жұмсалды. Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдей алады.
Екінші кезеңде кәсіпорынның жүгері өңдеу қуатын жылына 3 миллион тоннаға дейін ұлғайту және шығарылатын өнім түрлерін арттыру қарастырылған.
Бұл кезеңдегі инвестицияның жалпы көлемі 1,15 миллиард долларды құрайды. Өнеркәсіп паркін құру 1,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Президент Fufeng Group директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчуньмен жеке кездесті. Тараптар қазақстанның диқандарымен жүгері сатып алу, сондай-ақ білікті маман даярлау бойынша ұзақмерзімді серіктестік орнатуға ниетті екенін айтты. Осы орайда еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлескен білім бағдарламаларын әзірлеу және кәсіпорын базасында отандық ғылыми-зерттеу институттарын тарта отырып, R&D орталығын құру мүмкіндігі талқыланды.
Алматыдағы роботтар зауыты
UBTECH Robotics аға президенті Чжун Юнмен кездесуде корпорацияның Алматыда білім беру және қызмет көрсетуге арналған роботты техникалар шығаратын зауыт ашу жоспары талқыланды.
Қазақстан UBTECH компаниясының Қытайдан тысқары жердегі алғашқы өндіріс алаңына айналуы тиіс.
Сонымен қатар компания мен Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындары және колледждері арасында жүйелі ықпалдастық орнату мүмкіндігі қаралды. Бұдан бөлек, бірлескен құзырет орталығын құру, UBTECH технологияларын Alatau City жобасына жан-жақты енгізу, тау-кен, мұнай-газ салаларында және ірі логистикалық нысандарда роботты техникаларды пайдалану мәселелері қарастырылды.
Pinduoduo Қазақстанда жоба бастамақ
Президенттің тағы бір кездесуі электронды коммерция мен логистикаға арналды.
Тоқаев YTO Express атқарушы директоры Чжоу Цзяньды мен Pinduoduo компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі жетекшісі Вэн Пэйчэнді қабылдады.
Pinduoduo өкілі 2026 жылғы қазанда Қазақстанда бірлескен жоба іске қосылатынын хабарлады. Жобаның егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ.
Сондай-ақ кездесуде Еуропалық одақ, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне шығатын тауарларды жедел рәсімдеу мақсатында Almaty SkyHub көлік-логистика хабын құру жобамы талқыланды.
Qazpost-YTO бірлескен кәсіпорны бүгінде 12,5 миллион сәлемдеме жөнелткен.
Жасанды интеллектке арналған ДӨО және атом технологиялары
Hong Kong Sino-Science Oil and Gas, VNET Group, Shanghai Junhe Atomic Technology және Silk Road Finance Corporation басшыларымен кездесуде энергетика, цифрландыру және қаржы саласындағы жобалар талқыланды.
VNET Group Қазақстанда Деректерді өңдеу орталықтары алқабын және жасанды интеллект инфрақұрылымын жасақтау ісіне қатысу ниетін жеткізді.
Shanghai Junhe Atomic Technology компаниясымен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық әлеуеті талқыланды.
Ықтимал бағыт ретінде табиғи уранды өңдеу мен ядролық отын өндіруден бастап, шағын модульді реакторлар орнатуға дейінгі толық өндірістік тізбек құру аталды.
"Көлжат" кен орны және екі мың жұмыс орны
Тоқаевтың Xinfa Group президенті Чжан Гуйчунмен кездесуінде Алматы облысындағы "Көлжат" кен орнын игеру мәселесі талқыланды.
Мұнда жартылай кокс, сутегі, синтез-газ және мұнай өнімдерін өндіру арқылы өндіріс тізбегін құру көзделіп отыр.
Жоба аясында екі мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға болады.
Сондай-ақ тараптар аса маңызды материалдар саласындағы серіктестікті талқылады.
Қандай келісімдерге қол қойылды?
Президенттің қатысуымен қазақстандық және қытайлық тарап арасында қол қойылған он құжатты алмасу рәсімі өтті.
Олардың қатарында Абай облысында электролиттік алюминий зауыты мен қосалқы жел электр станциясын, Семейде ағаш жаңқалы тақтай өндіретін зауыт, Ақмола облысында жалпы қуаты 450 мегаватт жел электр станцияларын салу бойынша келісімдер мен уағдаластықтар бар.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында жеңіл және арнаулы автокөліктер шығаратын жоғары технологиялық кешен құру туралы ниеттестік келісіміне қол қойылды.
Бұдан бөлек, құжаттар Түркістан облысында карбамид тыңайтқыштарын өндіруді, "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) базасындағы инвестициялық қорды, Қазақстанның Даму Банкі жобаларын қаржыландыруды, Алматы облигацияларын Гонконг қор биржасында шығаруды және Алматыда қонақ үйі мен бизнес-орталығы бар көпфункционалды кешен салуды көздейді.
Форум тұрақты түрде өткізілмек
Тоқаев кезекті кездесуін Sunwah Group төрағасы Цай Гуаньшэньмен өткізді.
Президент "Қазақстан – Қытай" инвестициялық форумын екі елдің бизнесі, қаржы институттары мен мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылына арналған тұрақты алаңға айналдыруды ұсынды.
Цай Гуаньшэнь форумды жыл сайын Алматыда өткізу бастамасын қолдады.
Іс-шараға іскерлік ортаның 500-ден астам өкілі қатысты, соның ішінде 300-ге жуығы қытайлық кәсіпкер.
Тараптар алдағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары ретінде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, қаржы инфрақұрылымы, өнеркәсіптік кооперация және Alatau City-ді дамытуды атады.