World News

Тоқаев сәтті ЖИ жобалардың неге кәсіпорындарға жетпей қалатынын айтты

Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік Deep-Tech жобаларды ілгерілету және мықты технологиялық командалар жасақтау өте маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, индустриялық міндеттерді орындайтын мұндай команда құрамына ғылыми қауымдастық, технологиялық компаниялар мен стартаптар экожүйесінің өкілдері енуі қажет.

"Сонымен қатар AI Challenge механизмін қолданған жөн. Бұл іске "цифрлық көшпелілер" мен талантты жастарды тартуға болады. Формат әр тапсырманың ерекшелігіне қарай бейімделуге тиіс. Яғни команданы ашық іріктеу мен міндеттерді айқындаудан бастап, ізденіс нәтижелерін шынайы өндірісте сынауға дейін икемді болғаны жөн. Деректер, есептеу ресурстары және өндіріс инфрақұрылымы командаларға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте тапсырыс беруші тысқары қалмай, үдерістің әр кезеңіне қатысуы қажет. Әйтсе де ЖИ және DeepTech санатындағы өнеркәсіп жобаларына, әсіресе, технологиялық тәуекелдері көп, коммерциялық тиімділігі дәлелденбеген бастапқы кезеңде уақыт пен ресурс керек екенін мойындаған жөн. Үкімет бастапқы тәуекелдерді азайтуға көмектесіп, жеке капиталды тартуға жағдай жасауы керек. Кейінірек перспективті жобалар, негізінен, нарықтық ортада дамуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, AI-Sana бағдарламасы өндірістегі нақты міндеттермен тығыз байланысты болғаны жөн. Дарынды жастар экономиканы жаңғырту ісінде тәжірибе жинақтауы керек.
Үкіметке жасанды интеллектіні өнеркәсіпте пайдалану міндеттерін шешудің бірыңғай механизмін құру жөнінде тапсырма берілді. Оның аясында лайықты команданы таңдаудан бастап, нәтижені сынақтан өткізу және экономикалық тиімділігін бағалау кезеңдері түгел қамтылуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілген шешімдерді жаппай таратудың анық әрі оңтайлы тетіктерін құру қажеттігіне назар аударды.

"Көптеген перспективті шешімдер пилоттық жоба сатысынан сәтті өткенімен, қосымша келісулер, қайталама сынақтар, күрделі сатып алу үдерістері мен заңнамалық шектеулер салдарынан аяқсыз қалады. Бұл кәсіпорындардың пайда табуына және әзірлеушілердің нарықтық мүмкіндіктеріне кедергі келтіреді. Тиімді тәсілдерді коммерцияландырудың айқын тетігі болуы керек. Оны өндірістік жағдайы ұқсас кәсіпорындарда қайта сынақтан өткізудің қажеті жоқ. Ұтымды отандық шешімдерге де баса назар аударған дұрыс. Үкіметке табысты пилоттық жобаларды тез арада коммерцияландыру және кеңінен тарату жолдарын қарастыруды ұсынамын. Экономикалық тұрғыдан пайдалы шешімдерді іске асыруда артық кедергілерден арылған абзал", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Кеңестің келесі отырысында көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Президенттің пайымдауынша, жоғары сапалы өндірістік мәліметтер болмаса, жасанды интеллектіні тиімді қолдану мүмкін емес.
Ол кәсіпорындар өндірістік мәліметтердің мол қорын жинақтағанымен, сапасы әркелкі әрі шашыраңқы күйде қалып отырғанын айтты. Мұндай деректердің көбі жасанды интеллект жүйелерінде қолдануға жарамсыз.

"Кеңестің алдыңғы отырысында деректерге бағдарланған модельге көшу және салалық мәліметтер қорын жасақтау қажет екенін айтқанмын. Енді аталған жұмысты өндірісте жалғастыру керек. Бізге бірыңғай сапа стандартына сай, өзара байланысты және қауіпсіз пайдалануға болатын салалық өндірістік мәліметтер қажет. Отандық зерттеушілер мен бағдарлама әзірлеушілер оған кедергісіз қол жеткізуге тиіс. Әрине, коммерциялық құпия, стратегиялық ақпарат пен аса маңызды мәліметтер сенімді түрде қорғалады. Үкіметке бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, салалық өндірістік мәліметтер базасын қалыптастырудың ортақ тәсілдерін әзірлеу міндеті жүктеледі. Отандық технологиялық шешімдерді дайындағанда аталған деректерді іс жүзінде қолдануға басымдық берілгені жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға берік негіз қалағанын айтты. Ендігі міндет – осы әлеуетті экономикалық игілікке айналдыру.

"Жасанды интеллект ел индустриясын дамытатын құрал болуға тиіс. Бұған Қазақстанның мүмкіндігі жетеді. Аталған жұмысты стратегиялық мәні зор секторларда күшейте түсу керек. Осы орайда Кеңестің келесі отырысында көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылауды ұсынамын. Бұл секторды одан әрі жаңғырту оның әлеуеті мен тиімділігін арттырып, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін нығайта түседі", – деді Президент.

Тоқаев жасанды интеллект Қазақстан өнеркәсібін қалай өзгертетінін айтты
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте