World News

“Белсендірек жұмыс істеу керек“: Бектенов сауда министріне үндеу жасады

Премьер-министр Олжас Бектенов сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті қазақстандық тауарларды шетелде белсендірек ілгерілетуге шақырды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында министрдің сауда мен шикізаттық емес экспорттың өсімі туралы баяндамасынан кейін сөз болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің баяндауынша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы сауда көлемі 61 триллион теңгеге жеткен - бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16 пайызға артық. Көтерме сауда 16 пайыздан астам, ал бөлшек сауда 15 пайызға өсті.

"Негізгі өсім тауар айналымының 70 пайыздан астамын құрайтын он тауар тобы бойынша қамтамасыз етілді. Оның басым бөлігін өңделген тауарлар: автомобильдер, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнімдер, сусындар, азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдары құрайды", - деді шенеунік.

Министр сегіз айдың ішінде тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспорты 17 пайыздан аса өсіп, 28 миллиард доллардан асқанын айтты. Тауарлар экспорты 18 пайыздан аса ұлғайып, 21,5 миллиард долларды құрады.
Дегенмен премьер-министр министрді жұмысты жандандыруға шақырды.

"Сыртқы нарықтарға белсендірек шығу керек. Біздің ішкі нарығымыздың көлемі онша үлкен емес, сондықтан жұмысты белсендірек жүргізу керек", - деді Бектенов министрге қарата.

Тағы оқыңыз: “Кездейсоқтық па, әлде қара пиар ма?“ Сарапшы қазақстандық тауарларға қарсы әрекеттерді тексеруге шақырды

Читайте на сайте