World News

Соңғы бәс: Қапшағай жағалауындағы казино қарыздары үшін аукционға шығарылды

Қонаевта Қапшағай су қоймасының маңында орналасқан казино саудаға шығарылды. Нысан бұрынғы иесінен қарызы үшін тәркіленген. Істің егжей-тегжейі - Tengri Home материалында.
Казиноның сыртқы және ішкі көрінісі
e-Qazyna.kz электронды сауда алаңына Алматы облысы Қонаев қаласында орналасқан казино ғимараты шығарылды. Нысанның жалпы ауданы 5 122 шаршы метрден асады, оған қоса 0,2257 гектар жер учаскесі бар. Мекенжайы: Индустриалды көшесі, 11, барлық ойын мекемелері шоғырланған Алматы - Өскемен тасжолының бойында, Қапшағай жағалауына жақын жерде.
Сырттай қарағанда ғимарат қараусыз қалған сияқты - қасбеті тозып, маңайын арамшөп басқан.
Саудаға шығарылған казино ғимараты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Интерьер ойын мекемелеріне тән дәстүрлі стильде жасалған: безендіруде алтын түстес реңктер басым.
Саудаға шығарылған казино ғимараты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Залдар сәндік фрескалары бар ауыр колонналармен әшекейленген.
Саудаға шығарылған казино ғимараты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Құжаттарға сәйкес, мұнда казино, мейрамхана және қонақ үй қарастырылған.
Саудаға шығарылған казино ғимараты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Сондай-ақ саудаға жалпы ауданы 0,4957 гектар болатын тағы екі жер телімі шығарылды. Оның бірі казино мен қонақ үйге қызмет көрсетуге, екіншісі өндірістік базаға арналған.
Бағалаушылардың мәліметінше, мүлік кешенінің құны 1,7 миллиард теңгені құрайды. Бұл сома сауда-саттықта бастапқы баға ретінде көрсетілген. Бағаны көтеру әдісімен өтетін аукцион 21 қазан күні сағат 10:45-ке жоспарланған.
Казино қарыз үшін қалай тартып алынды?
Бұрын ғимарат пен бизнеске "Коррида Стиль" ЖШС иелік еткен. Қазіргі уақытта казино "Қазақстан Эксимбанкінің" тарату комиссиясының иелігіне өткен.
2011–2015 жылдары ЖШС иесі несие алып, кепіл ретінде жерді, казиноны және ойын жабдықтарын қойған. Шамасы, банк алдындағы несиелер толық өтелмеген көрінеді.
Эксимбанктің тарату комиссиясы сотқа жүгінді. 2019 жылы сот жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын кепіл мүлкін өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Өтпей қалған сауда-саттықтар
2025 жылғы 25 шілдеде сот орындаушысы кешенді электронды саудаға шығарды, бірақ сатып алушылар табылмады. Содан кейін жеке сот орындаушысы борышкерге мүлікті өзі сатуға мүмкіндік берді.
2025 жылғы 18 қыркүйекте сатушы сатып алушымен 1,2 миллиард теңге сомасына келісімшарт жасасты. Келісімшарт талаптары бойынша сатып алушы үш жұмыс күні ішінде бүкіл соманы аударуы тиіс еді. Алайда ол ақшаның орнына еңбекке жарамсыздық парақтарын (больничный) ұсынған. Үш айға жуық күтуден және 100 миллион теңге кепілдік жарнасын төлеу туралы ұсыныстардан кейін сатып алушы тек бір миллион теңге ғана аударған.
Нәтижесінде 2025 жылғы желтоқсанда сот орындаушысы мүлікті тікелей кепіл ұстаушыға - "Қазақстан Эксимбанкі" АҚ тарату комиссиясына беру туралы қаулы шығарды.
Сот даулары және медиация
Борышкер мүлікті банкке беру туралы шешімнің күшін жою үшін сот орындаушысының қаулысына әкімшілік сотта шағым түсірді. 2026 жылғы ақпанда тараптар бітімгершілік келісімге келді:

Мүлікті банкке беру 2026 жылғы 30 сәуірге дейін тоқтатылды.
Сатып алушыға соңғы мүмкіндік берілді: ол банкке 50 миллион теңге кепілдік төлемін, жеке сот орындаушысының (ЖСО) шығындары үшін 39,3 миллион теңге төлеуге және мүліктің қалған құнын 2026 жылғы 30 сәуірге дейін аударуға міндеттелді.

Келісімде егер ақша 30 сәуірге дейін түспесе, 50 миллион теңгені банк айыппұл ретінде ұстап қалатыны, ал мүлік қосымша сотсыз дереу банкке өтетіні жазылды.
Мүліктің банкке өтуі
Оқиға 2026 жылдың көктемінде аяқталды. 30 сәуірге қарай сатып алушы мүлік құнын да, ЖСО шығындарын да төлемеді. Нәтижесінде 2026 жылғы 15 мамырда сот орындаушысы қабылдау-тапсыру актісіне қол қойды, соған сәйкес казино ғимараты, жер учаскелері және инфрақұрылым 1 700 521 131 теңге сомасындағы қарызды ішінара өтеу есебінен ресми түрде Эксимбанктің тарату комиссиясына берілді.
Енді тарату комиссиясы мүлікті саудаға шығару арқылы қарызды ақшалай түрде қайтаруға тырысып жатыр.
Эксимбанк қалай таратылды?
Эксимбанктің қиындықтары 2018 жылдың мамыр айында басталды. Сол кезде Ұлттық банк лицензияның қолданылуын тоқтатқан болатын. Шектеу 2018 жылғы 29 мамыр мен 29 тамыз аралығында күшінде болды. Сол кезеңде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мекемені "көрсеткіштері өте нашар банк" деп атаған еді.

"Қазір Эксимбанк, Банк Астаны, Qazaq Banki - міне, осы банктердің көрсеткіштері нашар, себебі акционерлері оларды дұрыс басқармаған, қарызға батқан және салымшылардың алдында өз қаражаттарымен жауап бере алмайды. Олар қалай жұмыс істей алады? (...) Егер осы банктерді сақтап қалғылары келсе, акционерлер ақша салып, заңсыз жолмен шығарып кеткен қаражаттарын қайтарсын", - деген еді сол кезде ел Президенті.

Сол жылдың тамыз айында банктің директорлар кеңесі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Оның құрамынан Александр Клебанов, Сергей Кан, Валерия Ким және Ренат Тұрмағамбетов шықты.
Банктің тағдырына қатысты түпкілікті шешімді сот шығарды: 2019 жылғы 17 қаңтарда "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ын мәжбүрлеп тарату туралы шешім заңды күшіне енді.
Тағы оқыңыз:
Әскери қызметшілер ісі бойынша тәркіленген: Астанада сатылымға шығарылған зәулім үй туралы не белгілі?

Читайте на сайте