Алматыда колледж студенттеріне миллиондаған теңге қарыз: директор жазаланды
Алматыда Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің 676 студентіне мемлекеттік шәкіртақы мен жолақы өтемақысы кешіктірілген. Берешектің жалпы сомасы 50 миллион теңгеге жуықтады. Алматы қалалық білім басқармасы кешіктіру себебін түсіндіріп, колледж директоры жазаланғанын хабарлады, деп хабарлайды Tengri Education.
Студенттерге ақша неге кешіктірілді?
Алматы білім басқармасының редакцияға берген мәліметінше, Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінде мемлекеттік шәкіртақыны төлеу 2026 жылғы маусым мен тамыз аралығында кешіктірілген.
Бұған оқу орнының қаржылық қиындықтары, соның ішінде банктер алдындағы міндеттемелердің орындалуы себеп болған. Бұл ретте ведомство банктер алдындағы қандай міндеттемелер туралы сөз болып отырғанын және олардың студенттерге төленетін төлемдердің уақтылы берілуіне қалай әсер еткенін нақтыламады.
Бұған дейін Алматы прокуратурасы Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжі білім алушыларының құқықтары бұзылғанын анықтағанын хабарлады. Студенттер мемлекеттік шәкіртақыны ғана емес, жол шығындарының өтемақысын да дер кезінде алмаған. Білім алушылар алдындағы жалпы берешек сомасы 50 миллион теңгеге жуықтаған.
"Қадағалау актісі бойынша заңбұзушылықтар жойылды, берешек толығымен өтелді, 676 студенттің құқығы қалпына келтірілді", - деп хабарлады қалалық прокуратура.
Білім басқармасының ақпаратына сәйкес, колледж басшылығы жағдайды реттеу үшін шаралар қабылдаған. Маусым–тамыздағы мемлекеттік шәкіртақы бойынша берешек 2026 жылдың 10 қыркүйегіне дейін толық өтелді.
Колледж директоры қалай жазаланды?
Заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін прокуратура ұсыныс енгізіп, оны қарау нәтижесі бойынша Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің директорына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді.
"Сондай-ақ ішкі қаржылық бақылау күшейтіліп, алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу бойынша шаралар қабылданды", - деп хабарлады білім басқармасы.
Осылайша, студенттер алдындағы берешек өтеліп, оқу орнының басшылығы төлемдердің қайта кешіктірілуінің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдады.
Жақында 2027 жылғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері қандай болатыны белгілі болды. Ғылым және жоғары білім министрлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік шәкіртақы көлемі 2025–2026 жылдардағы деңгейде қалатынын хабарлады.
Атап айтқанда, бакалавриат студенттеріне 52 372 теңге, ал педагогикалық және медициналық бағыттар бойынша білім алушыларға 84 мың теңге көлемінде шәкіртақы қарастырылған.