World News

Қазақстан құрамасының капитаны мансабын аяқтайтынын жариялады

Әлемнің үздік қақпашыларының бірі, қазақстандық Лео Игита футзалдан әлем чемпионатының қазіргі іріктеу кезеңі ұлттық құрама сапындағы соңғы циклы болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengri Sport ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2028 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің алғашқы матчінде Қазақстан құрамасы Беларусь командасын 5:4 есебімен жеңіп, ерік-жігер танытты.
Кездесу аяқталғаннан кейін құрама қақпашысы әрі капитаны Лео Игита командаластарына алғыс айтып, ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтыны туралы мәлімдеме жасады.

"Кеше бүгінгі ойын туралы ойланып, іштей қатты толқыдым, білесіз бе, мұндай сезімді сезінбегелі көп болды. Себебі мен: "Мен осынша уақыт бойы ойнап келемін, ал қазір бұл менің соңғы циклымның алғашқы қадамы" деп ойладым. Сондықтан жігіттерге айттым - бүгін киім ауыстыратын бөлмеде де эмоцияға ерік бердім. Тіпті жігіттерден кешірім де сұрадым, өйткені қобалжығаннан айтқым келген сөздерді жеткізе алмадым. Мен үшін Қазақстан үшін, маған есігін айқара ашқан осы ел үшін ойнау - үлкен мәртебе. Қазақстан - менің үйім, маған, жұбайыма және қызыма құшақ жайған туған жерім екенін айтудан жалықпаймын. Сондықтан менің қолымнан келетін ең аз нәрсе - алаңға шығып, барымды салу", - деп келтіреді ойыншының сөзін ҚФФ баспасөз қызметі.

Лео Игита деген кім?
Леонардо де Мело Виейра Лейте (лақап аты - Игита) Рио-де-Жанейро қаласында (Бразилия) дүниеге келіп, футзалдағы жолын сол жерде бастаған. 2011 жылы ол алматылық "Қайратқа" ауысып, 2013 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасында ойнай бастады.
Оның еншісінде Қазақстан чемпионатының 10 алтыны мен сол кездегі еуропалық клубтық футзалдың ең басты турнирі - УЕФА Кубогінің екі мәрте жеңімпазы атағы бар. Беделді Futsalplanet порталы Игитаны бес рет әлемнің үздік қақпашысы деп таныды.
Қазақстан футзалының халықаралық аренадағы басты жетістіктері - 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдесі мен 2021 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына шығуы оның есімімен тығыз байланысты.












Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Қазақстан футзал ұлттық құрамасының жарияланымы (@kff_team_futsal)


Кейінгі жылдары Игита қазақстандық футзалдың жаңа күшіне айналған "Семей" клубында өнер көрсетіп жүр. Онда ол Қазақстанның екі Кубогін жеңіп, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде ойнап үлгерді.
Игитаның құрамадағы соңғы матчтерін қайдан көруге болады?
Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы келесі матчін Қазақстан құрамасы 10 қарашада Словакияда Беларусь командасына қарсы өткізеді. Содан кейін, 9 желтоқсанда өз алаңында Албаниямен кездесіп, келесі іріктеу кезеңіне жолдаманы мерзімінен бұрын иеленуі мүмкін.
Егер Қазақстан құрамасы келесі кезеңге өтсе, тағы үш матчті өз алаңында, үшеуін сырт алаңда өткізеді.
Еске сала кетейік, Қазақстан футзал құрамасы соңғы ірі турнирден тыс қалған болатын - 2026 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама беретін шешуші матчте италиялықтардан пенальти сериясында есе жіберді. Осыдан кейін құраманың бапкерлер штабы ауысып, бразилиялық Пауло Каканың орнына Какау келді.

Читайте на сайте