Бөтелке Kia-ны тесіп өткен: сот жүргізушіні ақтады
Қарағанды облысында сот Lada Priora жүргізушісінің кінәсіне жеткілікті айғақ таппады. Жәбірленушінің айтуынша, аталған көлік маневр жасағаннан кейін белгісіз зат Kia Seltos-тың алдыңғы және артқы терезелерін тесіп өткен, деп хабарлайды Tengri Auto.
Еске сала кетейік, бұған дейін Желіде Балқаш пен Приозерск арасындағы тасжолда болған оқиға туралы ақпарат тараған болатын. Kia жүргізушісі қатар келе жатқан көліктен оның машинасына бөтелке тиіп, алдыңғы терезесін зақымдағанын мәлімдеді. Полиция күдікті көліктің жүргізушісі анықталғанын хабарлады. Бірақ ол кінәсін мойындамады.
Зақымдалған көліктің иесі шешіммен келіспейді және тергеуді жалғастыруды талап етпек. Ақтоғай аудандық соты 2026 жылдың 16 қазанында Балқаш пен Приозерск арасындағы ақылы автожолда болған оқиғаға қатысты істі қарады.
Оқиға салдарынан Kia Seltos-тың 24 жастағы жүргізушісі Нұрсұлтан Тілепберген мен оның 18 жастағы жолаушысына шыны сынықтары тиіп, денелерін тіліп кеткен.
Нұрсұлтанның айтуынша, сол күні ол Балқаштан Приозерскіге бара жатқан. Алдында ақ түсті Lada Priora келе жатқан, жәбірленушінің айтуынша, оның жүргізушісі жоғары жылдамдықпен бір жолақтан екіншісіне ауысып жүрген.
"Мен оған екі рет жарықпен белгі бердім. Ол жылдамдық жолағынан оңға қарай ауыса бастады, сол сәтте соққы болды: алдыңғы терезе, артқы терезе шағылып, капот жыртылып кетті", - деді Нұрсұлтан.
Ер адамның пайымдауынша, Lada Priora-ның терезесінен немесе дөңгелегінің астынан ауыр әрі өткір зат ұшып шығып, оның көлігін тесіп өткен.
Оның айтуынша, кейінірек ол тіпті салон төбесінің қаптамасынан да зақымдар тапқан. Алайда көлікке нақты не тигенін және заттың қайдан ұшып шыққанын анықтау мүмкін болмады. Кейін оқиға орнынан ішінде сары сұйықтығы бар (болжам бойынша зәр) бөтелке мен ауыр болт тапқан.
Сот жүргізушінің кінәсін анықтамады
Нұрсұлтанның айтуынша, Lada Priora жүргізушісі зат оның көлігінен немесе дөңгелегінің астынан ұшқанын мойындамаған. Сот отырысында ол және оның жолаушысы, жәбірленушінің айтуынша, жолда басқа да көліктер болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Нұрсұлтан мен оның жолаушысы болса, оқиға кезінде тасжолда тек екі көлік - оның Kia-сы мен Lada Priora ғана болғанын айтып отыр.
Нәтижесінде судья Ерден Боранбаев әкімшілік құқық бұзушылық құрамының жеткілікті дәлелдері жоқ деген қорытындыға келді. Lada Priora жүргізушісі кінәсіз деп танылды.
"Мен шешімге көңілім толмайды. Егер зат шынымен де сол көліктен ұшып шыққан болса, неге жүргізуші кінәсіз болып қалады? Мен болған оқиғаның аяғына дейін зерттелуі керек еді деп есептеймін. Мен екінші жүргізушіні алкогольдік және есірткілік мас күйіне тексеруді талап еттім. Ол жолда агрессивті жүріп, апаттық жағдайлар туғызды. Алдымен полиция маған куәландыру жүргізілмегенін хабарлады. Кейінірек сотта полиция қызметкері тексеру жүргізілгенін айтты. Бірақ оның нәтижелері әлі дайын болмағандықтан сотқа ұсынылмады. Демек, біз тергеудің объективтілігі туралы айта алмаймыз", - деді Нұрсұлтан.
Нұрсұлтан көліктің зақымдану механизмін анықтауға көмектесетін сараптамалардың жүргізілмегенін де айтып өтті.
"Ажалдан аман қалдық
Зардап шеккен көліктің жүргізушісі өзінің және жолаушысының жолы болғанын айтады. Егер зақым келтіруге себеп болған темір болт сәл оңға немесе солға қарай ұшқанда, олардың бірі қаза табуы мүмкін еді.
Шыны сынықтары Нұрсұлтанның көзіне түсіп, бетін тіліп кеткен, ал өзі басын рульге соғып алған. Оның жолаушысының да беті тілінген. Соған қарамастан, екеуі де бірден медициналық көмекке жүгінбеген: жүргізуші мұны шок жағдайында болғанымен түсіндіреді.
Ол өзінің 2024 жылы шыққан Kia Seltos көлігіне келген алдын ала шығынды шамамен бір миллион теңгеге бағалап отыр. Сондай-ақ ол моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді көздейді.
"Бұл менің инсульт алғаннан кейін бірінші топтағы мүгедектігі бар анамды ауруханалар мен оңалту орталықтарына таситын жалғыз көлігім. Сондықтан мен әділдікке қол жеткізгім келеді және көмек сұраймын. Маған қазір көлік өте қажет", - дейді ол.
Адвокат: шешімге шағымдануға болады
Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Ширин Әмірғалиева кінәліні анықтау үшін дәлелдемелер жинап, екі тараптың да нұсқаларын тексеру қажет екенін түсіндірді.
"Зақымдану сипатын анықтау және көлік қозғалысы кезінде темір заттың дөңгелек астынан ұшып, белгілі бір қашықтықты еңсеріп, алдыңғы терезеге тиюі мүмкін бе, жоқ па - соны анықтау үшін автотехникалық сараптама жүргізу керек. Сарапшыларға екі тараптың да нұсқаларын тексеруге мүмкіндік беретін нақты сұрақтар қойылуы тиіс", - деп атап өтті адвокат.
Оның айтуынша, бейнетіркегіш жазбалары, оқиға орнын қарау нәтижелері және сарапшылардың қорытындылары маңызды дәлел бола алады. Сонымен қатар заттың нақты бір көліктің дөңгелегі астынан ұшып шыққаны туралы болжамның өзі оның жүргізушісінің кінәсін дәлелдемейді, деп атап өтті адвокат.
Ширин Әмірғалиева зардап шегуші сот қаулысына шағымдана алады және қажетті сараптамаларды жүргізу туралы өтінішхат жолдай алады деп есептейді. Егер жүргізушінің кінәсі анықталса, материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеу мәселесін азаматтық сот ісін жүргізу аясында бөлек қарастыруға болады.