Алматыда РФММ-дегі жаппай улану: барлық бала ауруханадан шығарылды
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) жіті ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен барлық оқушысы үйлеріне жіберілді. Барлығы 58 балаға медициналық көмек қажет болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Оқушылардың жағдайы туралы не белгілі?
Басқарма мәліметінше, балалар қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алған.
"2026 жылғы 12 қазаннан бастап стационарға барлығы 58 бала жатқызылды. Дәрігерлер оларға қажетті медициналық көмек көрсетіп, клиникалық хаттамаларға сәйкес ем жүргізді. Қазір ауруханаға жатқызылған балалардың барлығы шығарылды", - делінген хабарламада.
Ведомство балалардың ауруханаға түсуіне не себеп болғанын және оларға қандай диагноз қойылғанын нақтыламады.
Алматыдағы РФММ-де не болды?
Еске сала кетейік, 14 қазанда Алматыдағы РФММ-нің 50-ге жуық оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылды.
Оқиғадан кейін мектеп 14-16 қазан аралығында сабақты онлайн форматқа ауыстырды. Интернат пен асхананың жұмысы уақытша тоқтатылды, ал санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ғимараттарды тексеріп, зертханалық зерттеуге сынамалар алды.
Сондай-ақ Алматы полициясы РФММ-дегі оқушылардың жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болған еді.
Тағы оқыңыз: Астанада балалар фастфуд жегеннен кейін ауруханаға түсті