World News

Қазақстаннан 1,5 миллиардтың алтын жүгін жасырын шығармақ болған

Жетісу облысында құны 1,5 миллиард теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді Қазақстаннан заңсыз шығару әрекетінің жолы кесілді. Кедендік құжаттарда шикізат мыс кені ретінде көрсетілген, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Кенді қалай шығармақ болды?

ҚМА мәліметінше, кедендік құжаттарда шикізат "мыс кені мен концентраттары" деп көрсетілген. Бұл оның нақты құрамын жасыруға мүмкіндік берген.

Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қойма нысандарында жүргізілген жедел-тергеу шаралары барысында мың тоннадан аса шикізат табылды. Ол ірі көлемді контейнерлерге өлшеп салынған.

Схемаға кімдердің қатысы бар?

Тергеу барысында RedGold Mining ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры, сондай-ақ заңсыз схеманы ұйымдастыруға қатысы бар басқа да тұлғалар анықталды.

Екі күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сот санкциясымен компанияның ақшалай қаражаты да бұғатталды.

Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, марганец кенін заңсыз өндіріп, оны Қазақстаннан тыс жерлерге шығарып келген бір топ тұлғаның қызметі тоқтатылған болатын. Сатылған шикізаттың құны 950 миллион теңгеден асқан.

Читайте на сайте