Кенияда көпқабатты ғимараттың құлаған сәті видеоға түсіп қалды
Кения астанасы Найробиде салынып жатқан көпқабатты ғимарат опырылып құлады. Алдын ала мәліметтер бойынша, үйінділер астында адамдар болуы мүмкін, деп хабарлайды Tengrinews.kz жергілікті The Star басылымына сілтеме жасап.
Ғимарат жұма, 23 қазанда Истли сауда ауданында құлаған. БАҚ мәліметінше, мәселе 18 қабатты ғимаратқа қатысты болып отыр. Бұл ретте басқа басылымдар 12 қабат деп хабарлап жатыр.
Оқиға орнына шұғыл қызметтер барып, үйінділерді аршуға және зардап шеккендерді іздеуге кірісті. Құтқару жұмыстарына арнайы техника тартылды.
Найроби әкімшілігінің ақпараты бойынша, ғимарат әлі құрылыс сатысында болған, алайда оның бірінші қабаты пайдаланылып келген.
"Құтқару топтары жағдайды бағалап, үйінді астында адамдар болуы мүмкін деген хабарламаларға байланысты іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр", - деп хабарлады жергілікті билік.
Оқиға орнына тұрғындар мен өтіп бара жатқан адамдар жиналды. Халықтың көп жиналуына байланысты іргелес көшелердегі қозғалыс тоқтап қалды. Полицияға топты таратып, құтқарушылардың үйіндіге жетуін қамтамасыз ету үшін көз жасаурататын газ қолдануға тура келді.
Оқиға орнына Найроби губернаторы Джонсон Сакаджа қала әкімшілігі өкілдерімен бірге барды.
Үйінді астында қалуы мүмкін адамдардың нақты саны әзірге белгісіз. Ғимараттың құлау себептері де әлі анықталған жоқ.
Іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр.
Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын Грекия астанасы Афина орталығында жойқын жарылыс болып, екі қабатты ғимарат толық қираған еді. Тергеу органдары оқиғаға газдың шығуы себеп болуы мүмкін деген нұсқаны қарастырған.