World News

1990 жылдары жоғалғандар бар: із-түcсіз кеткен қазақстандықтар туралы не белгілі?

Қазақстанда әлі күнге дейін сонау 1990-жылдардан бері іздеуде жүрген адамдар бар. Кейбірінің жоғалғанына 30 жылдан асса да, есімдері әлі де іздеу базасында тұр.
Tengrinews.kz полицияның жоғалғандарды қанша жыл іздейтінін, адамдардың не себепті жоғалатынын және ондаған жылдар өткеннен кейін істерге қатысты не болатынын анықтап көрді.Қазақстанда жоғалған адамдар қанша жыл ізделеді?Ішкі істер министрлігі Tengrinews.kz сайтына 10 жылдан кейін жоғалған адамның іздеу ісі мұрағатқа жіберілетінін хабарлады.

"Бұл ретте қылмыстық істі тергеу (егер ол қозғалған болса) адамның тағдыры толық анықталғанша жалғаса береді", – делінген ІІМ жауабында.

1990-жылдары жоғалғандар: әлі күнге дейін кімдер іздестіріліп жатыр?
Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің ашық базасынан тағдыры ондаған жылдар бойы беймәлім болып қалған адамдар туралы мәліметтерді табуға болады.
Мысалы, Алматы облысының тумасы Төлебек Әбішев. Ол 1950 жылы туған, үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Іздеу ісі 1992 жылғы 18 қарашада – осыдан 34 жыл бұрын тіркелген.
Тағы бір мысал – 1963 жылғы Хусеин Али-оглы. Ол көлігімен бірге жоғалып кеткен. Талғар аудандық полициясы оны іздеуді 1997 жылғы желтоқсанда бастаған.
Фото: qamqor.gov.kz1960 жылғы Қайрат Әбдікерімов үйінен шығып кеткен. Оның іздеу ісі 1999 жылғы қаңтарда Алматы облысында тіркелді.
Ал 1965 жылғы Халифа Әбділлаева Шымкентте жоғалған. Оны 2005 жылғы ақпаннан бері іздеп жатыр.
Фото: qamqor.gov.kz
Полиция жоғалғандарды қалай іздейді?ІІМ мәліметінше, жоғалғандардың 85 пайызға жуығы қысқа мерзімде табылады. Егер бір тәулік ішінде адамның жүрген жері анықталмаса, полиция іздеу ісін қозғап, іздестіруді жалғастырады.
Ведомство өкілдері полицейлер бақылау камераларының жазбаларын зерттейтінін, әлеуметтік желілердегі ақпаратты тексеретінін, еріктілерді, қызметтік иттері бар кинологтарды және Ұлттық ұлан әскери қызметшілерін тартатынын айтты.
Бұдан бөлек, полиция ДНҚ-профильдер базасын пайдаланады. Мамандар туыстық байланысты анықтау үшін жоғалған адамдардың жақындарының генетикалық деректерін жаңа биологиялық үлгілермен салыстырады.
Егер адам шетелде жоғалса, құқық қорғау органдары басқа мемлекеттердегі әріптестерімен, Интерполмен және дипломатиялық өкілдіктермен өзара іс-қимыл жасайды.
Адамдар неге жоғалады?ІІМ әрбір жоғалу оқиғасы қылмыспен байланысты емес екенін түсіндірді. Ведомство жиі кездесетін себептердің қатарына мыналарды жатқызды:

отбасылық жанжалдар,алкогольді асыра пайдалану,құмар ойындар,маусымдық жұмысқа кетіп қалу.

ІІМ кейбір адамдардың ешкімге ескертпестен туыстарымен араласуды саналы түрде тоқтататынын немесе басқа жаққа көшіп кететінін атап өтті.
Полиция әсіресе қарт адамдар мен денсаулығына байланысты адасып кетуі мүмкін жандарға ерекше көңіл бөледі.

"Қарт адамдар көбіне жағдайды дұрыс бағалай алмайды және оңай адасып кетуі мүмкін: басқа қоғамдық көлікке немесе пойызға отырып кетеді, көшесінің атын және тұратын мекенжайын ұмытып қалады. Әдетте, мұндай адамдар жиі жоғалады", – деп түсіндірді ІІМ.

Министрліктің соңғы жарияланған деректеріне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында полицейлер хабар-ошарсыз кеткендер есебінде тұрған 17 мыңнан астам адамның қайда екенін анықтады.
Адамның іздеуде бар-жоғын қайдан тексеруге болады?
Жоғалған қазақстандықтар туралы ақпаратты Qamqor.gov.kz сайтынан табуға болады. Ашық базада іздеудегі адамдардың фотосуреттері мен мәліметтері бар бағдарлар жарияланады.
Бұған дейін Tengrinews.kz жақын адамыңыз жоғалған жағдайда не істеу керектігін жазған еді.
Ең бастысы – үш тәулік күтпеу керек. Бірден 102 нөмірі бойынша полицияға хабарласу немесе жақын маңдағы бөлімшеге бару қажет. Полицейлер адамның жоғалғанына қанша уақыт өткеніне қарамастан, өтінішті қабылдауға міндетті.

Читайте на сайте