World News

ІІМ Қарағандыда жолды кесіп өткен қойлардың видеосына назар аударды

Қарағандыда қойлар бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан қала көшесінен өтіп кеткен. Оқиға видеосы желіде тарап, Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) назарын аударды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видео туралы не белгілі?
Әлеуметтік желілерде Қарағандының 21-ші ықшамауданында түсірілген видео тарады. Онда қойлардың жаяу жүргіншілер өткелінен бағдаршамның қызыл түсіне өтіп бара жатқаны бейнеленген.













Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Қарағанды Онлайн (@qaragandy.online) жарияланымы


Бұл кадрлар желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Кейінірек бұл жарияланымға полиция қызметкерлері де назар аударса керек.
ІІМ не деді?
ІІМ хабарлауынша, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында осы жазба анықталып, "дереу іздестіру шаралары ұйымдастырылған".

"Жануарлар жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін ескере отырып, полицейлер жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде учаскелік инспекторлар малды тауып, иесіне қайтарды", – делінген хабарламада.

Малдың 73 жастағы зейнеткерге тиесілі екені белгілі болды. Оның айтуынша, қойларды қораға қамап жатқанда олар үркіп, жан-жаққа қашып кеткен. Ер адам оларды қуып жетпек болғанымен, шамасы келмеген.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және күтіп-ұстау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда зейнеткердің жасын және оқиғаның мән-жайын ескере отырып, полиция қызметкерлері ауызша ескерту жасаумен шектелді", – деп атап өтті ІІМ өкілдері.
Бұған дейін Ақмола облысында жылқының кесірінен жүк көлігі апатқа ұшырағанын жазған болатынбыз. Жол-көлік оқиғасы 29 қыркүйек күні кешке Державинск - Қима тасжолында, Жарқайың ауданы Тассуат ауылының маңында болған. "Газель" жүргізушісі жылқыны қағып кеткен. Апат салдарынан жүргізуші зардап шеккен жоқ. Толығырақ – осы жерден оқи аласыз.

Читайте на сайте