БАҚ: NVIDIA бас директорының тағы бір көңілдесі болған
Америкалық NVIDIA корпорациясының басшысы Дженсен Хуангтың өзінің қол астындағы қызметкері, компанияның денсаулық сақтау жөніндегі вице-президенті Кимберли Пауэллмен тағы бір жасырын махаббат қатынасы болған. Бұл туралы New York Times газеті компанияның бұрынғы қызметкерлеріне сілтеме жасап жазады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"АҚШ барлау қызметі қытайлық тыңшы деп санайтын әйелмен байланысы үшін тергеуге ілінген NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуанг, сонымен қатар өзіне тікелей бағынышты басқарушы әйелмен де қарым-қатынаста болған, деп хабарлады компанияда жұмыс істеген бес адам", - делінген жарияланымда.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, екеуі де өзге жандармен некеде тұрған 63 жастағы Хуанг пен 48 жастағы Пауэлл 2026 жылдың наурызында NVIDIA-ның жыл сайынғы конференциясы кезінде Сан-Хоседегі қонақүйлердің бірінде жылы сезімдерін білдіріп жатқан сәтте бейнежазбаға түсіп қалған. Компания басшысының күзеті оқиғаны телефонға түсіріп тұрған куәгерді байқап қалып, оны оқшаулаған және жария етпеу туралы келісімге қол қоюды ұсынған.
Пауэлл NVIDIA-да 2008 жылдан бері жұмыс істейді және осы уақыт ішінде компанияның вице-президенті лауазымына дейін көтерілген.
Бұл қараша басынан бері Хуангтың есіміне қатысты туындаған және компания үшін қиындықтарға айналған екінші жанжал.
Бұған дейін NVIDIA басшысы Megaspeed жетекшісі Элис Хуангпен "тығыз байланыста" болды деп күдікке ілінген еді. Financial Times мәліметінше, жұпты жай ғана жақын байланыс емес, романтикалық қарым-қатынас біріктірген.
NVIDIA басшысы қызметкерлерге жолдаған үндеуінде опасыздық жасағанын мойындады. Ол әйелі мен балаларынан кешірім сұрады, бірақ қарым-қатынаста болған әйелдің есімін атамады. Хуанг 1985 жылдан бері Лори Хуангпен некеде, ерлі-зайыптының екі баласы бар.
NVIDIA директорлар кеңесі бас директорға қарсы мүмкін болатын барлау операциясына қатысты тәуелсіз тергеу басталғанын жариялады. Тексеруді тәуелсіз директорлар сыртқы заңгерлерді тарта отырып жүргізеді.
Жаңа жанжал аясында NVIDIA акциялары бір сәтте 165,26 доллардан 156,46 долларға дейін төмендеді. Астана уақыты бойынша сағат 04:00-дегі жағдай бойынша акциялар шамамен 159 доллардан саудаланды.