World News

Тоқаев ҚТЖ жұмысын сынға алып, жаңа міндет жүктеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің көлік-транзит саласын дамыту мәселесіне арналған шұғыл отырысы өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Жиында халықаралық көлік дәліздерін дамыту перспективасы және еліміздің транзит әлеуетін нығайту шаралары қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова, қаржы министрі Мәди Такиев және Үкіметтің өзге де мүшелері саланың қазіргі ахуалы, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы даму бағыттары туралы баяндама жасады.

"Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы әлемде көлік-логистика байланыстарының жаңа жүйесі қарқынды түрде қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің транзит әлеуетін нығайтудың негізгі бағыттары айқындалғанына назар аударып, Қазақстан халықаралық көлік құрылымында проактивті позиция ұстануы керек екенін айтты. Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасуы бірқатар артықшылық береді. Алайда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі тасымалдың жылдамдығына және сенімділігіне, оның шарттары мен мерзімдерінің алдын ала айқын болуына, сондай-ақ тарифтердің тиімділігіне байланысты", - деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.

Ең алдымен, транзиттік жүктерді өткізу мүмкіндігін арттырып, отандық әуе тасымалдаушыларға жағдай жасау және теңіз көлігін дамыту керек.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласындағы ахуалды сынға алып, инфрақұрылымды жаңа жағдайға дер кезінде бейімдеу стратегиялық дамудың шешуші факторы екенін жеткізді.

"Атап айтқанда, Мемлекет басшысы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ қызметін қатаң сынап, кірісті арттыру, қызметті оңтайландыру, соның ішінде цифрландыру құралдары арқылы компанияның жұмыс тиімділігін көтеру міндетін қойды. Президент логистика орталықтарын кеңейту, шекаралық және кедендік рәсімдерді жетілдіру, саладағы барлық үдерісті кешенді цифрландыру, сондай-ақ жүктердің іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдағы кедергілерді жою мәселелеріне айрықша тоқталды", - деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Бұдан бөлек, "Заң мен Тәртіп" қағидатын сақтай отырып, инвесторларға, көлік-логистика компанияларына барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігіне назар аударылды. Осы орайда, Президент "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға көлік-транзит саласын одан әрі дамыту және Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Тапсырмалардың орындалуын бақылау Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына жүктелді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында "Самұрық Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады.

"Еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз. Сол себепті түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді. "Өзіміздікі" және "Өзіміздікі емес", тіпті "бөтен" деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек"", - деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Елжас Отынышиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын ресми түрде растады.
ҰҚК ұсталғандар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке іліккенін хабарлады. Қазір істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мекеме Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп, сотқа дейінгі тергеу барысы туралы өзге ақпаратты жария етпеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте