“Самұрық-Қазына“ мен ҚТЖ ісі: ІІМ басшысы Сәденовке қызметтік ескерту жасалды
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке Қазақстанның күш құрылымдарындағы кадрлық ауыс-түйістер аясында қызметтік ескерту жарияланды. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатты. Айбек Смадияровтың айтуынша, Президент аталған арнайы қызметті реформалау міндетін табысты орындау мақсатында басшылық кадрлардың орнын ауыстыру қажеттігін ескере отырып, осындай шешімге келген.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды", – деп хабарлады Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы.
Сол күні Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жұмыс кеңесін өткізгені де атап өтілді. Президент "Заң мен Тәртіп" қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды.
Бұдан бөлек, ІІМ басшысына полицияның қатардағы және офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылған.
Еске сала кетейік, бүгін, 16 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Комитеттің жаңа төрағасы болып Марат Ирменов тағайындалды.
Бұған дейін Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Ермек Сағымбаевтың отставкаға кету себептерін атады. Ол бұрын ҰҚК төрағасы лауазымын атқарған болатын.