World News

“Үйде жалғыз қалғанда“: әйгілі фильмнің жалғасы түсірілмек

Disney компаниясына қарасты 20th Century Studios киностудиясы әйгілі "Үйде жалғыз қалғанда" фильмінің жаңа бөлімін дайындап жатыр. Кезінде Кевин Маккалистердің рөлін сомдаған Маколей Калкин 34 жылдан кейін көрерменге таныс кейіпкеріне қайта оралмақ, - деп хабарлайды Tengri Life Deadline басылымына сілтеме жасап.

БАҚ мәліметінше, фильмнің жалғасын түсіру идеясын биыл 46 жасқа толған актер өзі ұсынған. Қазір жоба әзірліктің бастапқы кезеңінде. Сценариймен Маколей Калкин бірге Сет Роген мен Эван Голдберг жұмыс істемек.

Актердің ұсынған идеясы бойынша, жаңа фильмде Кевиннің есейіп, балалы-шағалы болған кезі көрсетілуі мүмкін. Бұл жолы ол бала тәрбиесі мен жұмысын қатар алып жүруге тырысқан әке ретінде көрінеді. Алайда жұмысбастылықтың салдарынан баласына жеткілікті көңіл бөле алмай, отбасындағы қарым-қатынасы қиындай түседі.

Кезінде үйде жалғыз қалып, ұрыларға қарсы түрлі айла ойлап тапқан Кевин енді өзі сондай жағдайға тап болуы мүмкін. Актердің ойынша, бұл жолы баласы оны үйге кіргізбей, түрлі қақпан құрады. Дегенмен жаңа фильмнің оқиғасы дәл осы нұсқамен өрбитіні әзірге нақтыланған жоқ.

Disney компаниясы жобаның қолға алынғаны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Фильмнің режиссері кім болатыны және қашан жарыққа шығатыны да белгісіз.

"Үйде жалғыз қалғанда" – 1990 жылы жарық көрген америкалық комедия. Фильмнің сценарийін Джон Хьюз жазып, режиссері Крис Коламбус болды.

Фильмде сегіз жастағы Кевин Маккалистердің басынан өткен қызық оқиғалар баяндалады. Рождество мерекесіне сапарға шыққан отбасы асығыстықпен кішкентай Кевинді үйде ұмытып кетеді. Үйде жалғыз қалған бала баспанасына ұрлыққа түспек болған екі адамға қарсы түрлі айла ойлап тауып, оларды әбден әуреге салады.

Фильм әлем бойынша үлкен табысқа жетіп, көрерменнің сүйікті комедияларының біріне айналды. Содан бері "Үйде жалғыз қалғанданы" мереке қарсаңында тамашалау көпшілік үшін дәстүрге айналған.

Бүгінге дейін фильмнің алты бөлімі жарық көрген. Дегенмен Маколей Калкин басты рөлде ойнаған алғашқы екі бөлім көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Кейін басқа актерлер түскен фильмдер айтарлықтай жетістікке жетпеді.

Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтарда "Үйде жалғыз қалғанда" фильмінде Кевиннің анасын сомдаған Кэтрин О’Хара дүниеден өтті. Актриса 71 жаста еді.

Ал шілдеде "Үйде жалғыз қалғанда 2: Нью-Йоркте адасу" фильміндегі көгершіндерді бағып жүретін әйелдің рөлімен танылған ирландиялық актриса Бренда Фрикер 81 жасында қайтыс болды.

Читайте на сайте