World News

“Тұратын жерім болмайды“: жалғызбасты ақтөбелік әйел үйінен айырылып қалудан қорқып отыр

Қаңтардағы жарияланымымыздан кейін ақтөбелік 75 жастағы Татьяна Гнатюкке құжаттары мен зейнетақысын қалпына келтіруге көмек беріліп, үйіне газ кіргізілген болатын. Алайда қазір зейнеткердің жалғыз баспанасына қауіп төніп тұр: қабырғалары үгітіліп, электр сымдарынан ұшқын шығып жатыр, ал кейуананың өзі бір күні үйі ортасына түсе ме деп қорқады. Еріктілер қабырға құласа, газ құбыры зақымдалуы мүмкін деп қауіптенеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қаңтарда біз ақтөбелік қарт әйел туралы жазған болатынбыз. Ол кезде кейуана құжатсыз және күнкөріссіз қалған еді. Өзінің айтуынша, ол тонаудың құрбаны болған. Мақала жарияланғаннан кейін жанашыр жандар оның құжаттарын қалпына келтіруге, зейнетақысын қайта рәсімдеуге және үйіне газ кіргізуге көмектесті. Тұрмысы бірте-бірте түзеле бастағандай көрінген.

Бірақ зейнеткер көп жылдан бері тұрып келе жатқан ескі үй әлі де қирап жатыр.

Алғашқы кездесуіміздегідей, Татьяна Андреевнаның үйі таза әрі жинақы. Ескі шкаф, ағаш орындықтар, кілемдер мен түрлі-түсті перделер.


Үстел үстінде безендірілген шырша тұр, жаңажылдық жылтырақтар да ілінген.

Үй иесі қалыпты тәртіпті сақтап, жайлылықты ұстап тұруға тырысады. Бірақ қазір бұл үй жағдайының артында үрейлі өзгерістер анық байқалады: қабырға қалауы үгітіліп, жарықтар кеңейіп барады.

Татьяна Гнатюк үйдің ең проблемалы жерлерін көрсетіп, төбеге алаңдаумен қарайды.
"Осының бәрі құлап қала ма деп қатты қорқамын. Онда менің тұратын жерім болмайды", - дейді зейнеткер.
Еріктілер зейнеткерге үнемі келіп тұрады: азық-түлік әкеледі, шаруасына жәрдемдеседі және тұрмыстық қиындықтарды қалай еңсеріп жатқанын бақылайды. Осындай келу барысында олар үйдің жағдайына да назар аударады. Олардың айтуынша, әсіресе бойымен газ құбыры өтетін қабырға қатты алаңдатады. Егер ол құласа, салдары тек үй иесіне емес, көршілеріне де тиюі мүмкін деп қауіптенеді еріктілер.

"Егер қабырға құласа, біріншіден, әжей далада қалады. Екіншіден, қабырға дәл үйдің іргесімен, қауіпті қабырғаның бойымен өтіп жатқан газ құбырын зақымдауы мүмкін. Бұл тек Татьяна Андреевна үшін емес, бүкіл көршілер үшін үлкен мәселе", - дейді ерікті Зәуреш Андақұлова.


Үйде тағы бір қауіп бар - ол ескі электр сымдары. Зәуреш Андақұлованың айтуынша, сымдар үнемі тұйықталып қалады. Қазір жарықты тек ас үйде және қонақ бөлмеде жағуға болады. Қалған бөлмелерде жарықсыз отыруға мәжбүр. Электрді қайта қосудың кез келген әрекеті шамдардың үрейлі жыпылықтауымен аяқталады.

Қалалық әлеуметтік көмек орталығындағылар зейнеткердің ұмыт қалмағанына сендіреді. Мамандар оған бірнеше рет барған. Бірақ Татьяна Гнатюк барлық ұсыныстан бас тартып отыр. Орталықтағылар: оны көмекті қабылдауға ешкім мәжбүрлей алмайды, дейді.

"Біздің мамандар Татьяна Гнатюкке бірнеше рет барып, үй жағдайында күтім көрсетуге көмек ұсынды. Бірақ ол әр кез бас тартады. Адамның еркінен тыс оны қызмет көрсетуге ала алмаймыз. Бірнеше рет қарттар мен мүгедектер үйіне рәсімдеуді, медициналық комиссиядан өтуге, құжаттарды дайындауға көмектесуді ұсындық. Бірақ ол қаламайды", - дейді Ақтөбе әлеуметтік көмек орталығының директоры Айгүл Кенжебаева.

Еріктілердің өтінішінен кейін газ мамандары тозығы жеткен қабырға бойымен өтетін газ құбырын тексерді. Мамандар газдың шығуы мен басқа да қауіп нышандарын таппады. Сонымен қатар компания құбыр зақымдалған жағдайда оқиға орнына жедел түрде апаттық бригада жіберілетініне сендірді.


"Аталған үйге тікелей жақын орналасқан газ құбырының техникалық жағдайына визуалды тексеру жүргізілді. Газдың шығуы, сондай-ақ тұрғын үй құлаған жағдайда жарылыс қаупінің туындау белгілері анықталған жоқ. Тексеру кезінде көрші үйлердің тұрғындарының қауіпсіздігіне де қатер байқалмады. Штаттан тыс жағдай туындап, газ құбыры зақымдалуы мүмкін болса, апаттық жағдайды оқшаулау үшін оқиға орнына жедел түрде апаттық бригада жіберіледі", - деп түсіндірді "QazaqGaz Aimaq" АҚ Ақтөбе филиалының өндірістік бақылау, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау қызметінің бастығы Аманғали Тіржанов.

Бірақ газ мамандарының қорытындысы қабырғалардың бұзылуын тоқтатпайды және үйді қауіпсіз етпейді, деп санайды ерікті. Үйді жөндеуге ақша керек, ал жалғызбасты зейнеткерде ол жоқ. Татьяна Андреевнаның өзі болса қалыпты өмірін сүруге тырысады: үй шаруасымен айналысады, ескі заттарын көзінің қарашығындай сақтайды және Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатыр.

Тек енді мерекелік жылтырақтардың артынан қабырғадағы жарықтар анық көрінеді. Кейбіреулер үшін бұл жай ғана тозған баспана болса, ол үшін - туған үйі, естеліктері мен қолында қалған жалғыз дүниесі. Кейуана суықтан немесе тұрмыстық қолайсыздықтан емес, бір күні ашық аспан астында оянудан қатты қорқады.

Жасына және тағдырының қиындығына қарамастан, Татьяна Андреевна есте сақтау қабілетімен таңғалдырады. Әңгіме барысында ол кенеттен шетелдік классиктердің өлеңдерін еш мүдірмей, жазбаларға қарамай жатқа оқи бастайды. Оның үйіндегі әрбір заттың өз тарихы бар сияқты.

Кейуана бұл жерден кеткісі келмейді. Тіпті қарттар үйі туралы әңгімелердің өзі оның үзілді-кесілді бас тартуымен аяқталады.
Фото Tengrinews.kz
Қазір зейнеткердің басты сүйеніші - еріктілер. Олар қарияның жағдайын біліп, оны жалғыз қалдырмауға тырысады. Бірақ соңғы кездері олар Таня әжеге тек амандасу үшін емес, үйінің бүтіндігін тексеру үшін де жиірек келе бастады.
“Қартайғанда тыныш өмір сүргім келеді“: бақша егуді армандайтын ақтөбелік зейнеткердің оқиғасы

Читайте на сайте