Көшпенділер. II кітап
Қазақтың ұлы даласын күнгей мен күншығыс жағынан алып тағадай иіле түсіп, мыңдаған шақырымға созылған дүние жүзіндегі ең биік таулар қоршап жатыр. Осы ақ басты ғажайып шың, құздар қазақ жерінің үстінен өтетін ескек желге, азынаған дауыл-боранға ғана тосқауыл емес, бұл таулар көшкен елге де, басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес берік қамал. Тек бір жерінде ғана бұл ғаламат қиялар, шөккен нардай, даланың бауырына кіре, жатаған тартқан.