World News in Kazakh

АЭС референдумы қарсаңында ұсталғандардың бірі Айдар Мүбәраков аштық жариялаған

АЭС референдумы қарсаңында ұсталғандардың бірі Айдар Мүбәраков аштық жариялады. Бұл жөнінде адвокат Жанар Балғабаева хабарлады.


"Мен ол кісінің адвокаты емеспін. Бірақ менің қорғауымдағы азаматтардың бірі Айдар Мүбәраков 29 қарашадан бері аштық ұстап жатқанын айтты. Қандай талап қойып отырғанын білмеймін. Ол басында құрғақ аштық жариялап, өле жаздаған. Бұдан кейін аштықты сумен жалғастырған. Оны тәртіптік изоляторға да қамап тастаған" деді адвокат Азаттыққа.


Айдар Мүбәраковтың адвокаты Төлеген Берліқожа белсендінің аштық ұстағанын растады. Оның сөзінше, Мүбәраков "тағылған айыппен келіспей, қылмыстық істің қозғалуына наразылық ретінде" ас ішуден бас тартып отыр. Мүбәраковты соңғы рет 27 қарашада көргенін айтқан адвокат оның "денсаулығы жақсы" екенін айтты.


"Тек Айдар ғана емес, осы іс бойынша қамалғандардың барлығы "АЭС-ке қарсы пікір айтқан шығармыз, алайда үкіметке қарсы шықпадық, террористік ұрандар көтерген жоқпыз" деп өздерінің заңсыз қамалғанын, заңсыз жауапқа тартылып жатқанын айтып отыр" деді адвокат Төлеген Берліқожа. Ол істің құпияланғанын айтып, іс бойынша мәлімет бере алмайтынын жеткізді. 


Алматыдағы тергеу изоляторының кезекші бөлімінде отырған өзін Медет Батырбайұлы деп таныстырған қызметкер Айдар Мүбәраковтың 29 қарашадан бері аштық ұстап отырғанын растады.


"Аштық жариялағаны рас. Бірақ біз ешқандай мәлімет бере алмаймыз. 29 қарашадан бері [аштық жариялаған]. Жағдайы қалыпты" деді Медет Батырбайұлы.


Ол өзге сұрақтарға жауап бере алмайтынын, ресми сауал жіберу қажеттігін жеткізді.


"Бұл режимдік нысан. Келіп ресми түрде сұрау салыңыздар" деді ол.


Елде АЭС референдумы жақындаған шақта қыркүйектің соңында Алматы қаласы мен облысында кемінде 12 белсендіні полиция ұстағаны белгілі болған еді. Олардың үстінен "Қылмысқа дайындалу және оқталу", "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылған. Жетеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Бұлар: Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аккузова, Жеңіс Мақсұтов, Рақыш Тоқманбетов, Азат Төлеухан, Ерболат Әубәкіров. Ал бес адам қамауға алынған: Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев, Айдар Мүбәраков.


Қараша соңында олардың қамау мерзімі ұзартылған еді.


Полицияның мәлімдеуінше, бес белсенді "жаппай тәртіпсіздік жоспарлаған", психологиялық-филологиялық сараптама олардың "митингіге үндегенін, билікпен күресуге шақырғанын" анықтаған.


Ал қоғам белсенділері олардың ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырған.


6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, оның ресми нәтижесі бойынша халықтың 71 пайызынан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды.


АЭС салуды жақтайтындар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелді болып қалу қаупі барын айтқан. Кей адам станцияны Ресейдің салуына қарсы шығып, бұл Мәскеуге кіріптар ете түседі деген уәж келтірген.

Читайте на 123ru.net