World News in Kazakh

Тоқаев қазақ тіліндегі жасанды интеллектіні дамытуға шақырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырды. Оған халықаралық жетекші сарапшылар қосылуға тиіс. Бұған қоса, нейрожеліден төнетін қауіпке байланысты "Жасанды интеллект туралы" заң жобасын дайындауға мұқият қарау қажет деді.


Тоқаев жасанды интеллект пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек деді. Айтуынша, жұртқа оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын түсіндіру керек.


11 желтоқсанда Astana Hub технопаркіне барған Тоқаев AIem.ai деп аталатын жасанды интеллект орталығының концепциясымен танысқан. Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, орталық жанынан мектептер ашылмақ, бұл жерден жоғары білікті 1000 маман даярлау жоспарланып отыр.


Тоқаев білім мен инновацияға негізделген экономика құру қажет деп мәлімдеді.


"Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс", – деді Тоқаев.




Қазақстан президенті бұған дейін ұлттық жасанды интеллект орталығын құру туралы бастама көтерген. Тоқаев бұл орталықты аймақтағы жасанды интеллектті дамытатын басты институтқа айналдыруды ұсынып отыр. Ол бұл жобаға халықаралық серіктестер тартуға үндеді.


– KazLLM атты тіл моделі арқылы жасанды интелектіні қазақша ойлауға, сараптауға және сөйлеуге үйреттік. Басталған үлкен істі жалғастыру керек. Алдымызда түрлі сипаттағы деректі бір мезетте қолдана алатын қазақ тілінің мультимодаль тіл моделін жасау міндеті тұр. Үкіметке осы бағыттағы жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырамын, – деді Қазақстан басшысы.


"Жасанды интеллект туралы" заң жобасы туралы сөйлеген Тоқаев қазір жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында ақ-қарасын ажырату қиын фейк жиі жасалады деді. Сол себепті жасанды интеллект қолдану принциптері мен этика аспектілерін заң жүзінде бекіту керек деп мәлімдеді ол.


Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі IT-технопарк. Бұл орталық IT-бизнесті қолдайтын экожүйе қалыптастыруға, IT-таланттар дайындауға және стартап жобаларды дамытуға бағытталған. Astana Hub 2018 жылы қарашада Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен жұмыс бастаған.

Читайте на 123ru.net