World News in Kazakh

Керчь бұғазында екі ресейлік танкер апатқа ұшырады

Керчь бұғазында аннексияланған Қырым жағалауынан 8 шақырым жерде ресейлік екі танкер апатқа ұшырады.


Жедел қызметтің хабарлауынша, "Волгонефть 212" танкерінің бортында 13 адам бар, кемеге 4 мың тоннадан астам мазут тиелген. Екіншісі – "Волгонефть 239" кемесінде 14 теңізші бар және ол да мұнай өнімін тасымалдаған.


Екі кеме де бүлінген. Апатқа не себеп болғаны белгісіз, негізгі болжам – дауыл жағдайындағы экипаж қателігі. Керчь бұғазында жеті балдық дауыл болып, кеменің қатты шайқалғаны жөнінде хабар тараған.


Әлеуметтік желіде тараған видеода танкердің бірінің тұмсық жағы суға батып тұрғаны көрінеді.




Оқиға орнына төтенше жағдай министрлігінің тікұшағы жеткен. Baza арнасының жазуынша, сегіз теңізшіні тікұшақпен алып кеткен. Олар жарақаттанбаған. Бұған қоса, теңізшілерге құтқару буксирі жіберілген.


Ресей төтенше жағдай министрлігі жексенбі кешке қарай "Волгонефть 212" танкерінде бір теңізшінің опат болғанын хабарлады. 12 теңізші эвакуацияланған. Екі танкерде барлығы 29 адам бар. 


Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, "Волгонефть 212" танкері суы аз жерге шығып қалған. Ал екінші танкер бір орында қалқып тұр.


Мұнай өнімдерінің суға төгілгені жөнінде ресми ақпарат жоқ, алайда оқиға орнынан түсірілген видеоларда мұнай өнімдерінің су бетінде қалқып тұрғаны байқалады.

Читайте на 123ru.net