World News in Kazakh

WSJ: Түркия Сириядағы күрдтерге қарсы әскери операция дайындауы мүмкін

Сирияда Башар Асад режимі құлаған соң Түркия осы елмен шекарадағы әскерін көбейтіп жатыр. Вашингтон "Ислам мемлекеті" террор тобымен күресуді көздеген АҚШ одақтасы – Сириядағы күрдтер жасағы бақылайтын аумаққа түрік әскері басып кіре ме деп алаңдап отыр.


Бұл туралы дереккөздеріне сүйенген The Wall Street Journal газеті жазды. Жоғары лауазымды америкалық шенеуніктердің айтуынша, түрік арнайы күштері бөлімшелері, Түркия қолдайтын Сирия қарулы құрылымдары, артиллерияның басым бөлігі Кобани қаласы (Айн-әл-Араб) маңында шоғырланып жатыр. Сирияның солтүстігіндегі бұл қаланы қазір күрд күштері бақылап отыр. WSJ сөйлескен америкалық шенеуніктердің бірі Түркия оған басып кіруі мүмкін деп санайды, бірақ оның ауқымы әзірге белгісіз.




Түркия 2019 жылы Сирияда азамат соғысы болып жатқанда осы елдің солтүстігі мен солтүстік-шығысындағы күрд күштеріне қарсы операция жүргізген. Сол уақытта шекара маңайындағы бірқатар аудан түрікшіл құрылымдардың бақылауына өткен. Алайда Түркия мен оның қолдауына ие Сириядағы оппозиция күштері Ресеймен жасалған келісімге сәйкес, кейбір ауданға, соның ішінде Кобаниге шабуыл жасаудан бас тартты.


Башар Асад режимі құлаған соң Сирияның батыс бөлігі түгел дерлік қарулы оппозиция бақылауына өтті. Ефрат өзенінің арғы жағындағы шығыс пен солтүстік-шығыстағы аумақ күрд жасағы басымдыққа ие Сирия демократиялық күштері бақылауында қалды. Түркия Сириядағы қарулы күрдтер жасағын террорлық іс-қимылға қатысы бар деп санайды.


Сирияда америкалық әскер тобы бар, олар күрдтермен байланысады. WSJ мәліметінше, Сирия демократиялық күштері азаматтық әкімшілігінің өкілі Ильхам Ахмед АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трампқа хат жазып, одан Түркия президенті Режеп Ердоғанды әскери операциядан бас тартуға көндіруін өтінген.




Сирияда Башар Асадтың үкіметіне қарсы қарулы топтар 27 қарашадан бастап белсенді іс-қимылға көшкен. Олар шапшаң жылжи отырып, бірер күннің ішінде елдегі бірқатар ірі қаланы алды. Жексенбі, 8 желтоқсанға қараған түні көтерілісшілер Сирияның астанасы Дамаск қаласын өзіне қаратқаны туралы мәлімдеме жасады. Сириядан қашқан президент Башар Асадты отбасымен Ресей паналатты.

Читайте на 123ru.net