World News in Kazakh

Бектенов: Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 11 айда 4,4 пайыз өсті

Премьер-министр Олжас Бектенов 17 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономикалық өсім және әлеуметтік саясат бойынша есеп берді. Үкімет басшысының дерегінше, биыл қаңтар-қараша айында жалпы ішкі өнім өсімі 4,4 пайыз болған. Бұл туралы Ақорданың телеграм-арнасы хабарлады.


Бектенов ауыл шаруашылығы (13,4 пайыз), құрылыс (10,3 пайыз), сауда (8,2 пайыз), көлік (8,1 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (5,3 пайыз), соның ішінде металлургия (7,2 пайыз) және машина жасау (6,9 пайыз), химия өнеркәсібі (8,4 пайыз), ақпарат және байланыс (5,3 пайыз) саласында өсім байқалды деді.


Оның сөзінше, биыл мұнайдан тыс салалар дамып, соның есебінен ел экономикасы өскен. Алайда мұнайды игеру бойынша алдын ала болжанған көрсеткіш орындалмағаны экономиканың даму қарқынына әсер еткен деді премьер-министр.


Бектеновтің айтуынша, өңделген тауар экспорты 10,2 пайыз өсіп, 23,3 миллиард долларға жеткен. Ал тауар импорты 3,3 пайыз азайған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,1 пайыз артқан.


Тоқаев елге инвестиция тарту, әлеуметтік және инженерия инфрақұрылымын жаңарту, импорт алмастыру және әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасын тұрақты етуді бақылау бойынша бірқатар тапсырма берген.




Олжас Бектенов 2024 жылы ақпанда Қазақстанның премьер-министрі болып тағайындалған. Бұрын ол президент әкімшілігіне жетекшілік еткен, жемқорлықпен күрес қызметін де басқарған.


Бұған дейін Тоқаев бұдан былай экономика дамуын жыл сайын тұрақты түрде 6 пайыз өсіруді міндет етіп қойған және экономикада либерализация мен модернизацияға басымдық берілетінін, шетелден инвестиция тартудың маңызын қадап айтқан.

Читайте на 123ru.net