World News in Kazakh

Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апаты жөнінде: Алғашқы үш күнде Ресейден сандырақ болжамдардан басқа ештеңе естіген жоқпыз

29 желтоқсанда AzTV телеарнасына берген сұхбатында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апаты жөнінде "Ресей жағы мәселені жасырғысы келеді және бұл ешкімге абырой әперетін нәрсе емес" деді. Сұхбатты телеарна Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайда жазып алған.


Әлиев сұхбатта ұшақты қасақана атпағанын да атап өткен.


"Кінәні мойындап, дос саналатын Әзербайжаннан уақытында кешірім сұрау және мұны қоғамға жеткізу – осының бәрі қабылдануы тиіс қадамдар мен шаралар болуы керек еді. Өкінішке қарай, алғашқы үш күнде біз Ресейден сандырақ болжамдардан басқа ештеңе естіген жоқ" деді Әлиев.


28 желтоқсанда Кремль хабарлама таратып, Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевтен Azerbaijan Airlines ұшағы апаты үшін кешірім сұрағанын хабарлаған. Кремльдің хабарламасында Путин Ресейдің әуе кеңістігінде болған “қайғылы оқиғаға байланысты” кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасына көңіл айтқаны жазылған.


"Әрине, түпкілікті қорытынды қара жәшік ашылғаннан кейін белгілі болды. Бірақ алғашқы нұсқалардың өзі жеткілікті дәрежеде негізделген және фактілерге сүйеніп жасалған. Азаматтық ұшақ Ресей аумағында, Грозный қаласының маңында сырттан зақымданып, іс жүзінде басқарудан айырылған. Біз сонымен бірге ұшақты радиоэлектронды күрес құралдары арқылы басқара алмайтындай жағдайға жеткізгенін де білеміз. Бұл ұшаққа келтірілген алғашқы зақым" деді Әлиев.


Ол "нақты жағдайда айқын фактіні жоққа шығарып, бүркемелеу – ақымақтық" деді ол.


25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Борттағы 67 адамның 38-і қаза болған, 29 тірі қалған. Қаза болғандардың арасында алты қазақстандық бар.


Борт Бакудан Грозныйға қарай ұшқан, бірақ Шешенстан астанасы және Ресейдің өзге қалалары да лайнерді қабылдамаған. Ақыры ұшақ Каспий арқылы Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласына бағыт алған.


Ақтауда ұшақ апатқа ұшырады.


"Росавиация" бастапқыда "ұшаққа құстар соғылып, апат содан болуы мүмкін" деп хабарлаған еді. Авиация сарапшылары оған күмән келтірген.




 

Читайте на 123ru.net