World News in Kazakh

Тоқаев: Талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар

3 қаңтарда мемлекеттен қаржыландырылатын «Ана тілі» басылымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарияланды. Онда Тоқаев мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін деген қауесетке қатысты пікір білдіріп, «талай жылға арналған жоспары бар» екенін айтқан.


– Ақыры, Біріккен Ұлттар Ұйымы туралы айтылған соң, бір тосын сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйы­мын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр. Осы қауесеттің негізі бар ма? – деп сұрайды журналист.   


Тоқаев сұраққа тікелей жауап бермей, «ауқымды жоспары бар екенін» ғана айтады.


– Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдеріс­тердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін, – деп жауап береді Тоқаев.  


Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы биліктен кетіп, БҰҰ-ға басшылыққа баруы мүмкін деген болжам былтыр жиі айтылды. Мұны сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «өсек-аяң және арандату» деп атады.


Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 20 қарашада 7 жылға Қазақстан президенті болып сайланған. Оның өкілеті 2029 жылы аяқталуы тиіс. Жаңарған Конституция талаптарына сәйкес ол екінші мәрте президент болып сайлана алмайды.

Читайте на 123ru.net