World News in Kazakh

Түркістанда прокурор "жалған ақпарат таратқан" белсендінің жазасын қатаңдатуды сұрады

9 қаңтар күні Түркістан облыстық сотында прокурор «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен (274-бап) бір жарым жылға шартты жазаға сотталған 70 жастағы азаматтық белсенді Әуелбек Шонжанның жазасын қатаңдатуды сұрады. Азаматтық белсенді Facebook парақшасында "ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің қытайларға беріліп жатқаны" жөнінде жазған.


Арыс қалалық соты Шонжанға қатысты үкімді 2024 жылдың 24 қыркүйегінде шығарған. Жәбірленуші ретінде Арыс қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы мен қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы танылған.


Үкімге қарағанда, Шонжан 2024 жылдың наурыз айында Facebook парақшасында Анық Жақып ауылына қарасты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің қытайға беріліп жатқаны жөнінде жазба жариялаған. «Міне, қазақ, жеріңнің кеткені қытайға», «Арыс қаласы әкімшілігіндегілер памперс киіп жүр әкімнен бастап. Қысқасы рейдерство – қазақтың жерін басып алу» деп жазу арқылы «жалған ақпарат таратқан».


Оған қоса «Бүгін қытайлардың ауыл шаруашылығы жерлеріне «ие» болуы Арыс қаласынан бастау алса ары қарай тегістей Түркістан, Қызылорда облысы... сонда нең қалмақ, отандастар» деп «қоғамдық тәртіпті бұзу, жер, ауыл шаруашылығы саласына қатысты мемлекеттік мекемелердің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіріп, көрінеу жалған ақпарат таратқан». Жергілікті әкімдік бұл шындыққа жанаспайтынын, жер шетелдіктерге берілмейтінін ескерткенімен «Қытай азаматтарына заңсыз жер беріліп жатқаны туралы теріс ой қалыптастыраған». Нәтижесінде жергілікті тұрғындар Қытай инвесторларына мақта егу үшін ұсынылған жер басына барып үндеу жасаған, Арыс қалалық мәдениет үйіне үш жүздей адам жиналып, мұның заңдылығын түсіндіруді сұраған.


Шонжанның жазбаларына психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалған. Сараптама қорытындысы оның жазбалары жерді «Қытай азаматтарына беріліп жатқаны туралы ақпарат беру, осыған жол беріп отырған билік өкілдерінің іс-әрекетін сынау, осыған қатысты халықтық ой-пікірін, наразылығын білдіру» туралы екенін көрсеткен.


Шонжан да прокуратура да Арыс қалалық сотының үкімімен келіспей апелляциялық шағым түсірген.


Прокурор қалалық сот Шонжанның қоғамға қауіптілік дәрежесін ескермеген деп санайды. Айтуынша, Шонжан Facebook парақшасында билік өкілдерін сынауды тоқтатпаған. Соттан жазаны қатаңдатып бас бостандығынан айыруды, қосымша жаза ретінде қоғамдық-саяси қызметпен және әлеуметтік желіде публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрады.


Азаматтық белсенді бұл айыптармен келіспейді. Ол өзін ақтауды сұрайды.


«Әлі күнге қай жазбамда жалған ақпарат таратқанымды білмей отырмын. Үндеу жасауға айдап салды дейді. Мен ешкімге бар деп жазған жоқпын» дейді азаматтық белсенді Азаттыққа.


«Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қатар Шонжанға «Билік өкілін қорлау» бабымен (378-бап) айып тағылған еді. Бұл істе жәбірленуші деп Арыс қаласының сол кездегі әкімі Гүлжан Құрманбекова танылған. Екі жақтың татуласуына байланысты іс тоқтаған.


Сот үкімінде Арыс қалалық әкімдігі 1120 га жерді Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына инвестициялық жобаны іске асыру үшін уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 4 жыл 9 айға жалға берілгені жазылған. Түркістан облыстық әкімдігі бұл жерге Қытай инвесторлары сапалы мақта өсіретіні туралы мәлімет таратқан.

Читайте на 123ru.net