Полиция ҚазТАГ агенттігінің Астанадағы кеңсесін тінтуге келді
29 желтоқсан кешкісін ҚазТАГ агенттігінің Астанадағы кеңсесін полиция тінтуге келді. Тінту "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен ҚазТАГ-тың үстінен қозғалған іс аясында жүргізіледі.
ҚазТАГ-тың кеңсесі Астанадағы «Журналистер үйінің» (Мәңгілік ел, 8) 4-қабатында орналасқан.
Оқиға орнында ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасенов екі адвокатымен болды. Полицейлер келген сәтті Азаттық видеоға түсіріп, тараптардан комментарий алуға тырысты. Полицейлер "процеске кедергі келтірмеуді" сұраған соң Азаттық тілшілері түсірілімді тоқтатты.
Мұның алдында Әмір Қасеновтің үйі тінтілгенін оның адвокаттары Сәлімжан Мусин мен Юлия Малюкова ҚазТАГ-қа хабарлаған. Олар пәтерді тінту процесіне қатыстырылмағанын мәлімдеген. Бұдан соң агенттіктің кеңсесі тінтілетіні айтылған.
Желтоқсан басында ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген.
23 желтоқсанда ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің ұсталғаны белгілі болды. Ізінше оның жақтастары Қасеновтің аштық жариялағанын хабарлаған.
Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. Ақпарат агенттігі бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. ҚазТАГ басшылығы бұл қылмыстық істі сөз бостандығын шектеу әрекеті деген.
Қазақстан вице-премьері әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін" және министрлік құзыреті аясында "журналистердің құқығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдайтынын" айтқан.
Freedom Finance Қасеновтің ұсталуы бойынша пікір білдірген жоқ.
9 желтоқсанда Freedom Finance иесі, Ресейден шыққан, кейін Қазақстан азаматтығын алған миллиардер Тимур Турлов (Forbes журналы байлығын $5,8 млрд деп бағалаған) ҚазТАГ агенттігінің компанияның "алаяқтығы" туралы "біржақты 12 материал жариялауы" "жала жабу мен қоғам пікірін бұрмалауға бағытталған арнайы кампанияның" бір бөлігі болуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Оның сөзінше, компания заң аясында өзінің ұстанымын қорғауға және мұның жала екендігін дәлелдеуге де дайын.