World News in Kazakh

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы өсті

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақы түрлері мен зейнетақы 10% өсті. Үкімет елдегі инфляция қарқынына байланысты төлемдерді ұлғайтынын хабарлаған.

Кеше күшіне енген 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес биыл:

ең төменгі жалақы – 85 000 теңге (167 доллар);мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге (73 доллар);ең төменгі зейнетақы мөлшері – 69 049 теңге (143 доллар);айлық есептік көрсеткіш – 4 325 теңге;ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге (105 доллар).Сонымен қатар, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің айтуынша, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшерін 120%-ына дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге (күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңге (күнкөріс деңгейінің 118%-ы) болды.

Үкімет 2026 жылғы мемлекеттік жәрдемақы көлемін де инфляцияға сәйкес өсірді:

бірінші, екінші және үшінші баланың тууына берілетін жәрдемақы 164 350 теңге болса (341 доллар), төртінші және одан кейінгі баланың тууына берілетін жәрдемақы 272 475 теңге болды (566 доллар);төрт баласы бар отбасыларға айына 69 330 теңге (144 доллар), он баласы бар отбасыларға - 173 000 теңге жәрдемақы беріледі (359 доллар);I топтағы мүгедектігі бар адамдарға 111 872 теңге (232 доллар), II топ – 89 498 (185 доллар) теңге, III топ – 61 021 теңге (126 доллар) жәрдемақы тағайындалды.Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан тұрғындарының көпшілігін табыстың төмендігі, қымбатшылық пен жемқорлық алаңдатады. Және елде қымбатшылық үдеп, халықтың күнкөрісі нашарлап бара жатыр деп санайтындар көбейіп барады.

DEMOSCOPE қоғамдық пікірді зерттеу бюросының былтыр жүргізілген сауалнамасына сәйкес, сұралғандардың 41 пайызға жуығы – табыстың төмендігіне (2024 жылы – 37,6%), 35.6 пайызы – қымбатшылыққа (алдыңғы жылы 28,3% болған), 32 пайызы (2024 жылы – 26,8%) жемқорлыққа алаңдайтындарын айтқан.

Ресми деректер бойынша, 2025 жылы елдегі инфляция деңгейі 12 пайызға дейін жеткен.

Бизнес өкілдері арасында жаңа салық ережелері жағдайды одан сайын ушықтырады деген мәлімдеме көбейген тұста ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазанда үкіметке «экономикалық реформаның елге жағымсыз салдарын азайтуға» тапсырма берген. Үкімет бағаға, салыққа және несие беруге қатысты бірнеше өзгеріс енгізді.

Читайте на сайте