World News in Kazakh

Эмомали Рахмон Тәжікстанның күштік құрылымдарында кадрлық ауыс-түйіс жасады

Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмон 16 қаңтарда қорғаныс министрлігі құрылымдарында, ұлттық гвардия, құрлық әскері, қаржылық бақылау мен жемқорлықпен күрес, сонымен бірге әділет министрлігіне қарасты қылмыстық жазаны атқару бас басқармасында кадрлық ауыс-түйістер жасады.

Тәжікстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қорғаныс министрлігінің «Қорғанысқа көмек» мемлекеттік мекемесі бастығының бірінші орынбасары лауазымына, сонымен бірге қорғаныс министрлігінің орталық аппараты мен қарулы күштерінің бас штабындағы, шекара әскеріндегі, ұлттық гвардиядағы, мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіндегі, әділет министрлігінің қылмыстық жазаны орындау бас басқармасындағы және қауіпсіздік органдарының бөлімшелері қолбасшылығындағы басшылық лауазымдарға жаңа кадр тағайындалды.

Бұған қоса, Мир Саид Әли Хамадан, Даңғар, Вахш, Әбдірахман Жәми, Яван және Шахристан қалалары мен аудандарына әскери комиссар тағайындалған.

Ресми ақпаратқа қарағанда, мемлекет басшысы күштік құрылым өкілдерімен кездесу кезінде қарулы күштердің әскери дайындығын талқылап, тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар жүктеген.

Мемлекеттік шекара қорғанысын нығайту мен шекараны бұзудың алдын алу, әсіресе қарулы оқиға, контрабанда мен есірткі айналымына жол бермеу сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінген. Бұған қоса, қарулы күштердің дайындығын арттыру, шет тілін меңгеру, соңғы үлгідегі әскери техника мен құралдарды меңгеру, оқу-жаттығуларды тұрақты өткізу қажеттігі айтылған.

Эмомали Рахмонның айтуынша, сарбаз және қызметкерлермен қарым-қатынас өзара құрмет пен түсіністікке негізделуі керектігін, әскери қызметкерлер мен басшылық арасында достық пен өзара сенім болуы қажеттігін атап өткен.

Тәжікстан президенті 12 қаңтарда сот жүйесі, ішкі істер министрлігі мен өзге де бірқатар органдарда кадрлық ауыс-түйіс жасаған.

Читайте на сайте