World News in Kazakh

"Теңіз" кенішінде өрт болды

Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз мұнай-газ кенішінде өрт болды.

"Ақжайық" басылымының жазуынша, 18 қаңтарда сағат 9:55-те Теңіз кенішінің үшінші буынындағы учаскесінен өрт шыққан. Бірінші және екінші газ турбина генераторлар арасындағы трансформатор өртенген. Ақпаратқа қарағанда, ешкім зардап шекпеген.

"Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының хабарлауынша, компания қызметкерлері қауіпсіз жерге көшірілген.

"Персонал қауіпсіз орынға эвакуацияланды. Кәсіпорынның апаттық қызметі өртті өшірді. Зардап шеккендер жоқ" деп жазылған ҚМГ таратқан хабарламада.

Компанияның хабарлауынша, сағат 11:20-да тағы бір трансформатор өртенген, ондағы өрт те оқшауланған. Ешкім зардап шекпеген.

Ақпаратқа қарағанда, үшінші буындағы зауыт рециркуляция режиміне көшірілген. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Теңіз кеніші Атыраудан 340 шақырым жерде. Оны игеретін "Теңізшевройл" Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниялары кіреді.

Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бірі Теңізден шығады.

Читайте на сайте