World News in Kazakh

Ағасы арнаулы қызметті басқаратын қырғыз депутаты құны 144 млн доллардан асатын мүлкін декларациялады

Қырғызстан Жогорку Кеңешінің депутаты, елдің арнаулы қызметі басшысының туған інісі Шаирбек Ташиев 2024 жылға арналған табысы мен шығыстары туралы декларациясында 2,5 миллион сом (28,6 мың АҚШ доллары) көлемінде кіріс тапқанын көрсеткен. Оған қоса депутат жалпы құны 12 миллиард 637 миллион сомға (144,4 миллион доллар) пара-пар жылжымалы мүлкі барын мәлімдеген.

Жылжымалы мүлікке қолма-қол ақша, құнды қағаздар, акциялар, әртүрлі көлік құралы, техника, жабдықтар, шикізат, зергерлік бұйымдар, тауарлар, тұрмыста пайдаланатын заттар және өзге де мүліктер жатады. Алайда Шаирбек Ташиев нақты қандай жылжымалы мүлікке ие екендігін және онысы қандай көздерден алынғанын атап айтпаған.

Депутаттың 2023 жылға арналған декларациясында бұл мүлік туралы ешқандай мәлімет болмаған. Ол кезде депутаттың ресми жылдық табысы 1,9 миллион сомға (21,7 мың доллар) тең болған. Оған қоса иелігінде жалпы аумағы 3972,37 шаршы метр болатын тұрғын үй бар екенін көрсеткен еді. Ал жақын туыстарының табысы мен шығыстары туралы ақпарат құжатта мүлде болмаған.

Шаирбек Ташиев 2021 жылы Жалал-Абад облысындағы бір мандаттық округтен Жогорку Кеңеш депутаты болып сайланған. 2025 жылы ол Манас қаласы мен Созақ ауданының бір бөлігін қамтитын округте өткен сайлауда жеңіске жетіп, қайтадан депутат атанды. Ол – Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамшыбек Ташиевтің туған інісі.

Бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың да декларациясы жарияланған. Құжатқа сәйкес, мемлекет басшысы 2024 жылы 1 миллиард 163,5 миллион сом (13,3 миллион доллар) көлеміндегі қаражатты заңдастырған. Оған қоса президенттің иелігінде көлемі 2627 шаршы метр болатын сауда орталығы, екі жер телімі және құны 100 мың сом (1,1 мың доллар) болатын бір жеңіл автокөлік бар. Президенттің өзі 2,2 миллион сом (25,1 мың доллар) табыс тапқанын көрсетсе, оның жақын туысының кірісі 29,7 миллион сом (339,4 мың доллар) болған.

2024 жылы Қырғызстан үкіметі барлық азаматтар үшін табыс пен мүлікті міндетті түрде декларациялау талаптарын алып тастады. Дегенмен мемлекеттік және муниципалдық қызметшілер белгіленген тәртіп бойынша декларация тапсырады.

Читайте на сайте