Amnesty International Астанадан "Атажұрт" белсенділерін босатуға шақырды
Amnesty International халықаралық адам құқығы ұйымы Қазақстан билігін "Атажұрт" тіркелмеген ұйымының істі болып жатқан 19 мүшесін босатуға шақырды.
"Қазақтан билігі қылмыстық заңнаманы теріс пайдалануды дереу тоқтатып, адам құқығы бойынша халықаралық стандарттың талаптарын орындауы тиіс. Яғни, "Атажұрт" белсенділеріне тағылған негізсіз айыптарды жойып, ұсталғандардың бәрін босатуы керек. Бейбіт наразылық билікке және Қытай сияқты ықпалды геосаяси ойыншыға ыңғайсыз болғаны үшін қылмыс саналмауы тиіс" деді Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мари Струтерс мәлімдемеде.
Amnesty International Қазақстан билігі "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бабын "тағы да" белсенділерді қудалауға пайдаланып отыр деп санайды және "Атажұрт" белсенділерін қудалауды тоқтатып, тез босатуға шақырады.
"Ұлтараздықты қоздыру" бабымен істі боп жатқан 19 белсендінің соты ертең, 23 қаңтарда Талдықорғанда басталады. Қазір 13 белсенді қамауда, 6 белсенді үйқамақта отыр.
13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданында Қалжат елді мекені маңында қолына Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін ұстап шыққан бір топ адам Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып, "түзету лагеріне" қамалған ұлты қазақ азаматтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен еді.
Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен. Туыстары Қытай полициясы ұстаған Әлімнұр Тұрғанбайға араша сұрап, бірнеше мәрте Астанаға арыз-өтініш жолдаған.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай берген ақпаратқа сүйеніп берген жауабында, 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шықпағаны, ал қос азаматтық екі елде де "заңсыз" екені айтылған.
Алматы облысындағы оқиғадан кейін полиция "Атажұрттың" 19 белсендісін ұстап, әуелі "Бұзақылық" бабымен әкімшілік жауапқа тартып, кейін "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғады.
Бұған дейін халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Қытай билігінің Шыңжаңдағы қиянаттарына бейбіт түрде қарсылық білдірген "Атажұрт" белсенділеріне тағылған айыпты алып тастауға үндеген еді.