БАӘ соты 8 өзбек азаматына өмірлік түрме жазасын берді
Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) соты Дубайдағы "жаппай тәртіпсіздік ісі" бойынша айыпталған Өзбекстанның 8 азаматына өмірлік түрме жазасын берді. Тағы бір азамат 25 жылға сотталды. Бұл жөнінде Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов хабарлады.
"Қазіргі кезде Өзбекстанның тиісті ведомстволары мен дипломатиялық өкілдіктері оқиғаны жан-жақты зерттеп, ел азаматтарының құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қарастырып жатыр" деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Оқиға 2025 жылы сәуір айында Дубайдағы жанармай станциясы аумағында болған.
БАӘ құқық қорғау орган өкілдерінің мәліметінше, сол кезде екі өзбек азаматы қаза болған: бірі пышақ жарақатынан оқиға орнында мерт болған, екіншісі есінен танып қалып, кейін ауруханаға көз жұмған.
Кейін Дубай прокуратурасы жанжал бір-бірін бұрыннан білетін екі топ арасында тұтанғанын айтқан. Олар бұрын болған бір дауға байланысты төбелескен. Оқиғаға қатысушыларды Дубай полициясы бақылау камералары және куәгерлер арқылы анықтап, ізінше қонақүйлердің бірінен ұстаған. Іс прокуратураға берілген.
Былтыр 25 сәуірде Өзбекстан дипломаттары Дубайдың қылмыстық іздестіру департаменті басшылығымен кездесу өткізген. Осы кездесуден кейін 15 өзбек азаматы ұсталғаны, тергеу амалдары жүріп жатқаны белгілі болды.
Былтыр БАӘ өзбек азаматтары қатысқан жанжалдардың көп болуы екі ел арасындағы визасыз режимге кері әсер етуі мүмкін екенін айтқан.
Бұған дейін Азаттық 2024 жылы қарашада Дубайда өзбек азаматтары израильдік раввинді өлтіргені жайлы мәлімет шыққаннан кейін Абу-Даби билігі Өзбекстанның көптеген азаматына елге кіруге тыйым салып, оларды еліне қайтарғанын жазған. Былтыр наурызда БАӘ соты раввиннің өліміне кінәлі деп танған үш өзбек азаматын өлім жазасына кескен.