World News in Kazakh

Абай облысы түрмесіндегі адам өлімі: қылмыстық іс қозғалды

Абай облысында түрмедегі тұтқынның қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі хабарлады.

"Абай облысында қауіпсіздігі жоғары мекемеде бір камерада отырған екі сотталушы жанжалдасып қалған. Жанжал барысында сотталушылардың бірі екіншісінің денесін жарақаттап, соның салдарынан жәбірленуші көз жұмған. Оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған" деп жазылған ҚАЖК хабарламасында. Ведомствоның хабарламасын ҚазТАГ жариялады.

Күдікті уақытша қамау изоляторына қамалған.

Комитеттің мәліметінше, қазіргі кезде тергеу мен тексеру амалдары жүріп жатыр. Мекемедегі жағдай тұрақты деп айтылады.

Бұған дейін оппозициялық "Бәсе" арнасы Семейдегі ОВ-156/19 қатаң режимді колонияда 38 жастағы Жандос Бадаубаевтың ауыр соққыдан қаза болғанын жазған еді. Арна таратқан видеода туыстары марқұмның мәйітін көрсетіп "міне, мынау менің бауырым. Мынау деген сұмдық қой. Мынау деген қылмыс қой..." дейді. Видеода мәйіттің кеудесі, іші, табаны және тағы өзге жерлерінен соққы ізіне ұқсас белгілер көрінеді.

Арнаның жазуынша, тұтқын мекемеге 28 қаңтарда түскен. Ал 29 қаңтарда денесі мәйітханаға әкелінген. Арнаның мәліметінше, "бұл ОВ-156/19 колониясындағы алғашқы өлім емес".

Азаттық аталған түрмеге хабарласып көргенмен әзірге жауап ала алмады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі түрмедегі адам өлімі туралы ақпаратқа әзірге реакция білдірмеді

Арнаның хабарлауынша, Жандос Бадаубаевтың артында кішкентай екі баласы қалған және әйелінің аяғы ауыр.

Читайте на сайте