World News in Kazakh

"Перзентханадан күтіп аламын". Жалғызбасты аналарға көмектесетін бастама қалай танылды?

Қазақстанда әйелдер жалғызбасты аналарды қолдайтын қозғалыс құрды. Еріктілер қиын жағдайға түскен, перзентханадан шыққанда қарсы алатын ешкімі жоқ аналарды күтіп алып, жаялық, балалар киімі сияқты қажет заттармен қамтамасыз етіп, үйлеріне жеткізеді. Ал барар жері жоқ әйелдерге қонатын орын тауып береді. Бұл бастаманы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мен Беларусьте де әйелдер жалғастырып жатыр.

ҚОЛДАУ

Астаналық кәсіпкер Әйгерім Бижігітова қазір жас ана мен оның нәрестесіне күтім жасап жүр. Жуырда босанған әйелге құнарлы сорпа әзірлеп, баласын жуындыруға үйретеді. Олар – Әйгерімнің туыстары емес, бірақ әйел адамның баратын жері болмағандықтан нәрестесімен бірге оны перзентханадан күтіп алып, үйін паналатқан. Әйгерім пәтерде жеті жастағы қызымен бірге тұрады.

"Мен "жалғыз емессің" деп айтқым келеді. Біріншіден, сенің балаң бар. Алғашқы қолдау маңызды" деді Әйгерім,

Ол – "Егер перзентханадан күтіп алатын ешкім болмаса, мен бармын" атты қозғалыстың мүшесі.

Қазақстандық әйелдер қиын жағдайға қалған жалғызбасты аналарға көмектесу үшін осындай қозғалыс құрған. Босанған аналарға олар шағын мереке ұйымдастыруға тырысады: гүл немесе шар сыйлайды, балаларына киім мен жаялық әпереді. Естелікке суретке түсіп, үйлеріне жеткізіп салады. Әйгерім оларға қонатын орын тауып беруге де тырысады.

Астана тұрғыны мұндай қозғалыс құруына түрті болған оқиғаны баяндады. Былтыр көктемде перзентхана алдында құрбысын күтіп тұрған. Көліктің терезесінен перзентханадан нәрестесін көтеріп шығып, жолдың жиегіне отырып, жылап жатқан әйелді көрген.

"Ол нәрестені жерге қойды. "Бала жерде жатыр!" деген ой келді. Оған жақындап келіп, "бәрі жақсы ма?" деп сұрадым. "Иә, бәрі жақсы" деп, бұдан кейін қатты жылай бастады. "Жүр, барып отырып, шәй ішейік, Сені күтіп алатын адам бар ма?" деп сұрадым. "Жоқ, мені ешкім күтіп алмайды". Ол мен көмектескен алғашқы ана болды. Ол екі күн бойы менің үйімде тұрды, содан кейін оны "Аналар үйіне" орналастырдым (қиын жағдайда қалған аналарға көмектесетін қазақстандық кәсіпкерлер ашқан орталық – ред.) " деп еске алады.

Осы жағдайдан кейін Әйгерім Бижігітованың үйін тағы бес ана паналаған. Әйгерім әйелдердің басындағы жағдайларға баға бергісі келмейді, айыптаудан да аулақ ұстайды. Ол басты мақсаты "алғашқы көмек" көрсету екенін айтады.

"Оларға өте ауыр. Жағдайларын жеңілдеткім келеді. Мейлі, оларға бөтен болайын, мені білмейді де, есесіне олар перзентханадан жалғыз шықпайды. Әйел адам босағадан аттағаннан кейін, өзін гүл, отшашу, кейде жұмсақ ойыншықтармен күтіп тұратын адамды көреді" дейді ол.

Босанған аналар мен дүниеге келген нәрестелерге арналған заттарды Әйгерім әлеуметтік желі арқылы жинайды. Оның сөзінше, тек әйелдер емес, ерлер де көмек қолын созып, жаялық, балалар тамағын жеткізуді ұсынады.

«ҚОСЫМША КӨМЕК»

Былтыр мұндай бастама алматылық психолог Салтанат Мұратованың Threads желісіндегі жазбасынан кейін кеңінен тарала бастады. Ол "Басеновадағы перзентхана маңында тұрамын. Құрметті әйелдер, егер перзентханадан алып кететін ешкім болмаса, маған жазыңыздар, үйлеріңізге жетуге көмектесемін" деп жазды.

Мұндай жазба бірнеше сағат ішінде тез таралып кетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен әйелдер көмектесе бастады. Салтанат WhatsApp-тан "Перзентханаға көмек" атты топ құрды. Оған жүздеген адам мүше.

"Мұндай жазба жариялауыма Threads желісінен оқыған оқиға түрткі болды. Онда бір әйел перзентханадан шығып, қалай үйіне жалғыз жеткенін баяндайды: перзентханадан нәрестесі мен пакеттерін көтеріп шығып, аялдамаға барып, автобус күтіп тұрады... Бұл маған қатты әсер еткені соншалықты мұндай жағдайға тап болған әйелдерге тым болмағанда перзентханадан шығуына көмектесіп, такси шақырып, үйіне дейін жеткізе алатындығымды айтып, жазба жарияладым" деді Салтанат.

Бастама авторы өзге де еріктілермен бірге перзентханадан нәрестесі бар әйелді қалай күтіп алғанын еске алады. Жамбыл облысындағы Қордай ауылынан келген әйел Алматыны жақсы білмейді екен. Ол жөнінде еріктілер перзентхана қызметкерлерінен естіген.

"Өзге балалар мен әйелдерді ойыншық, гүлдермен қарсы алып жатқанына куә болу біртүрлі мұңайтады. Біз, бөтен адамдар мүлде танымайтын адамды қарсы алуға келдік. Бір жағынан біздің болғанымыз қандай дұрыс болған, дегенмен екінші жағынан осындай оқиғалардың болып жатқаны өкінішті. Біз оны қарсы алып, таксиге тапсырыс бердік, баласымен бірге еркін барсын деп салонына төледік. Кейін үйіне дұрыс жеткенін хабарлады" деді Салтанат Мұратова.

2022 жылғы санақ бойынша, Қазақстанда балалары 18 жасқа толмаған 424 мың жалғызбасты ана бар.

"Перзентханадан алып кетемін" қозғалысы Қазақстаннан тыс жерлерге де жайылды.

Ташкент тұрғына Жәмила Ибрагимова Threads желісіндегі жазбадан кейін "Өзбекстандағы жаңа босанған әйелдерге көмек" атты топ ашқан. Желтоқсан айында олар күйеуі комаға түскен әйелге перзентханадан шығуына көмектескен.

"Егер әйелге ол кезде көмектеспесе, онда қашан көмектесеміз? Қазақ мәдениетінде босанған әйелге күтім жасап, аяғы ауыр әйелге көмектеседі. Әйелді қолдап, баланы жалғыз өзі емес, тұтас ауыл өсірген. Мұндай күрделі кезеңде әйелді жалғыз өзін тастап кету дұрыс емес деп санаймын. Бәлкім, осы нәрсеге бола әйелдер бейжай қарамаған сияқты, біздің мәдениеттеріміз де ұқсас" деді ол.

Мұндай бастаманы сонымен бірге Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей әйелдері де қуаттаған.

"Бішкек. Ойдағыдай қарсы алып, жеткізіп қоямын, тамақтандырамын, естелікке сурет пен видео түсіремін. Шама-шарқынша көмектесемін" деді қолданушылардың бірі Алтынай Құлубаева.

"Тәжікстан, Душанбе. Егер қиын жағдайда қалсаңыз, перзентханадан қарсы алатын ешкім болмаса, немесе кішкентай балаларыңыз болса, жазыңыз. Сіз жалғыз емессіз" деді farzona0210 есімді қолданушылар көпшілікке.

Бастаманы қолдаушылар қалай болғанда да мұндай көмекке зәрулік туындамасыншы деп тілейді, олар әйелдерді перзентханадан ең жақын адамдарының қарсы алғанын қалайды.

Читайте на сайте