World News in Kazakh

The Insider: Навальный түрмеде эквадорлық бақа уынан өлген

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 2024 жылы 16 ақпанда эпибатидин атты заттан уланып өлген. Мәселе оңтүстікамерикалық бақаның терісінен жасалған өте улы зат жөнінде болып отыр. Бұл жөнінде The Insider жазды. Басылымның дерегінше, Навальныйдың осы удан өлгенін бес мемлекет – Ұлыбритания, Швеция, Франция, Германия және Нидерланды елдерінің сарапшылары растаған. Олар Алексей Навальный өлгеннен кейін оның денесінен алынған биоматериалдарды сараптаған.

Зертхана орналасқан елдердің өкілдері Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы кезінде Навальныйдың өліміне қатысты мәлімдеме жасайды. Ресми түрде әзірге бұл расталмады. Екі жыл бұрын осы конференция кезінде Юлия Навальнаяға күйеуінің өлгені жөнінде хабар жеткен еді.

Навальныйдың жақтастары оның өліміне Ресей билігін кінәлайды. Саясаткердің жесірі Юлия Навальная былтыр қыркүйекте шетелдік зертханалар күйеуінің уланғанын анықтады деп мәлімдеген еді. Бірақ ол нақты қандай удан өлгенін айтпаған. 2020 жылы да Навальный "Новичок" уымен уланған еді, ол кезде аман қалған.

The Insider жазуынша, эпибатидин – адамның миындағы екі рецепторға "қысым жасап", соның салдарынан ағзаны бұзатын нейротоксин. Эпибатидин адамның денесін ұйытып, жылдам уақытта сал қылып жіберуі мүмкін. Тыныс алу жүйесін бұзып, өлімге де апарады.

Эпибатидинді 1974 жылы Джон Дейли ашқан, алайда оның құрылымы 1992 жылы толық анықталған. Зерттеуге қарағанда, бұл у түрі адам ағзасына мүлде сіңбейді. Адам ағзасына түскеннен кейін 30 минуттан соң миға қатты әсер ете бастайды.

The Insider "Новичок" уымен уланған кезде Навальныйды емдеген врач-реаниматолог Александр Полупанның пікірін келтіреді. Оның сөзінше, Навальныйдың қайтыс болғанға дейінгі белгілері эпибатидиннің адам ағзасына әсерімен сәйкес келеді.

Алексей Навальный 2024 жылы 16 ақпанда Харп елді мекеніндегі "Полярный волк" түрмесінде көз жұмған. Ресей қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметінің Ямал-Ненецк автономды өлкесі бойынша басқармасының мәліметінше, саясаткер "серуеннен кейін өзін нашар сезініп, есінен талып қалған". Ал реанимациялық шаралардан ешқандай нәтиже болмаған. Навальныйдың сүйегі анасына 24 ақпанда ғана берілді. Саясаткер 1 наурызда Мәскеудегі Борисов зиратына жерленді.

Читайте на сайте