World News in Kazakh

Жапаров Ташиевпен жүздесіп, "демал" деп кеңес бергенін айтты

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевпен кездескенін айтты.

Мемлекеттік "Кабар" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Жапаров өз "досына" демалуға кеңес бергенін айтты.

"Иә, біз кездестік. Кеше кешке оны қабылдадым. "Демал, досым, денсаулығыңды күт, сабыр сақта" дедім. Досымның айтуынша, ол "ақсақалдармен" де, "көксақалдармен" де сөйлеспеген. Осыған сүйене отырып, ол адамдар досыма айтпай, жасырын жоспар бойынша өз бетінше әрекет еткен деген ой түйдім", – дейді Жапаров.

Ол бұған қоса Ташиев алдағы уақытта қандай да бір мемлекеттік қызметке бармайтынын айтты.

Жапаровтың "ақсақалдар" дегені – мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге шақырған ашық үндеу авторлары. Өткен аптада ол үндеуге қол қойғандардың үшеуін – Эмилбек Ұзақбаев, Құрманбек Дыйканбаев пен Бекболот Талғарбековты Қырғызстан ішкі істер министрлігі жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру ісі бойынша ұстаған.

Президент Жапаров 10 ақпанда Қамшыбек Ташиевті ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы және үкімет төрағасының орынбасары қызметінен босатқан. Ташиев президентпен қатар елдегі ең ықпалды саясаткерлердің бірі саналып келген.

Читайте на сайте