World News in Kazakh

Маңғыстау облысындағы полигонда сарбаз қаза болды

Маңғыстау облысы Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде оқ атудан жаттығу кезінде бір сарбаз қаза болды. "Батыс" аймақтық қолбасшылығының хабарлауынша, сарбаз қаруды қолдану кезінде өзін жарақаттап алған, соның салдарынан көз жұмған.
Бас прокуратура сарбаздың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
Ведомствоның айтуынша, оқиға орнына қорғаныс министрінің орынбасары, бас әскери прокурор, ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаментінің бастығы барған.

"Қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, сараптамалар тағайындалды. Іс бойынша процессуалдық прокурор айқындалды" деп жазылған хабарламада.
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиілеп барады. Өткен айда Қазақстанның түрлі өңірінде бірнеше сарбаз қаза болған.
Қазақстан ер азаматтарды әскери борышын өтеуге міндеттейтін елдер қатарында. Сондай-ақ елде келісімшарт негізінде қызмет ету тетігі қарастырылған. Әскердегі қайғылы оқиғалар көбейген тұста толықтай келісімшарт үлгісін көшуге үндегендер болған. Бірақ қорғаныс министрлігі толықтай келісімшартқа өту бюджетке үлкен салмақ түсіретінін айтқан.
Әскери бөлімшелер сарбаздардың өлімін көбіне суицидпен, жеке отбасылық мәселелермен және денсаулық жағдайымен байланыстырады. Бірақ марқұм болған солдаттардың туыстары мұнымен келіспей, балалары кісі қолынан қаза тапты деп күдіктенеді.

Читайте на сайте