БАҚ: Әли Хаменеидің орнын оның ұлы басады
АҚШ пен Израильдің әуе шабуылынан қаза тапқан Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің орнын оның ұлы 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи баспақ. "Неміс толқыны" медиасы дереккөздерге сүйеніп осылай деп хабарлады. Дереккөздің айтуынша, мұндай шешім Ислам революциясы сақшылар корпусының қысымымен қабылданған және шешімді қабылдауға жоғары шииттік басқарманың 88 өкілі қатысқан. Әзірге бұл ақпаратты растайтын ресми хабар болған жоқ.
Кей сарапшылар егер ақпарат рас болса, онда жаңа көшбасшы таңдауда қатал ұстанымды жақтайтындардың дегені болғанын білдіреді дейді.
Әли Хаменеидің қазасынан кейін Иранды үш адам: президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің жетекшісі Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және конституция сақшылары кеңесінің мүшесі Әлиреза Арафи кіретін кеңес уақытша басқарып отыр.
Бұған дейін Иранның жоғарғы көшбасшысы міндетін уақытша атқару ықпалды шиит дінтанушысы Әлиреза Арафиге жүктелген еді.
Аятолла Әли Хаменеи Иранды 1989 жылдан бері басқарған. Ол 28 ақпанда Израиль мен АҚШ-тың Тегеранға соққысы кезінде қаза болды. Елде жоғары көшбасшыны ислам құқығы саласында маманданған 88 өкілден тұратын сарапшылар кеңесі сайлайды. Сарапшылар кеңесінің құрамы 8 жыл сайын ауысып отырады. Соңғы сайлау 2024 жылы өткен.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операция бастағанына бірнеше күн болды. АҚШ Иран ядролық қаруға ие болмауы керек деген талап қойып келеді. Тегеран билігі ондай мақсат көздемейтінін мәлімдегенімен, уран байытуға құқылы екенін айтып, өз дегенінен қайтпай отыр – ол әрекет қысқа мерзім ішінде ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті қор жинауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Иран қарымта ретінде АҚШ базалары орналасқан Парсы шығанағындағы елдерге, соның ішінде Кувейтке, Қатарға, Бахрейнге, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сауд Арабиясына зымыран мен дрон атқылап жатыр. Аймақта жағдай қатты шиелінісіп тұр.