World News in Kazakh

Щучинскідегі кафедегі жарылыстан қаза тапқандар саны 11 адамға жетті

Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы кафеде болған жарылыс салдарынан қатты зардап шеккен екі адам ауруханада қайтыс болған. Бұл хабарды 9 наурыз күні облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысы Нариман Ермек жария еткен.

"Зардап шеккендердің бірі 8 наурызда Бурабай стационарының жансақтандыру бөлімінде жан тапсырды. 9 наурызда Көкшетаудағы көпсалалы облыстық ауруханада емделіп жатқан тағы бір науқас әйел қайтыс болды. Дәрігерлер қалған науқастардың өмірі үшін күресіп жатыр. Оларға қажет мамандар мен техникалық ресурс түгелдей жұмылдырылып, толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп жатыр", деген Нариман Ермек.

26 ақпан күні Щучинскідегі "Палау орталығы" кафесінде жарылыс болып, 5 адам сол жерде қаза тапты, екі адам ауруханаға жеткізілген соң көз жұмды. Арада бірнеше күн өткенде тағы екі адам емдеу мекемесінде жан тапсырды.

Ақмола облыстық төтенше жағдай департаменті кафеде газ баллоны жарылған деп хабарлады.

Бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі ("Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалып, дәмхана иесі қамауға алынды.

Читайте на сайте