Тоқаев дауыс берген учаскеден журналистерді полиция ұстап әкетіп, 3 сағаттан соң босатты. Арасында Азаттық тілшісі бар
Жексенбі күні Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінен полиция Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбайды әкетіп, Алматы аудандық полиция басқармасында үш сағат ұстап, босатты.
"Журналисті не себепті ұстадыңыздар?" деген сұраққа өзін Сейіт Бұқарбай деп таныстырған кезекші бөлімдегі адам: "ол заңға қайшы әрекет істеді ме, жоқ па, соны анықтап білеміз" деп жауап қатты.
Одан бөлек ұсталған тағы 3 адам ұсталған. Олардың екеуі – журналист Сәния Тойкен мен Informburo басылымының тілшісі. Кейінірек олар да босатылған. Ақпаратқа қарағанда Оқушылар сарайы ғимаратында №50, №51, №58 және №483 сияқты бірнеше референдум учаскесі орналасқан.
Журналист Сәния Тойкеннің айтуынша, полицейлер оны қасында жүрген қызымен бірге ұстаған. Олар дауыс беру учаскесіне кіріп үлгермеген. "Менің және қызымның қолын қайырып, қызыма әлімжеттік көрсетіп, осы басқармаға алып келді" деді журналист басқармадан шыққан соң жазған видеосында.
Facebook-тағы видеосында Тойкенді полиция уаскесінен екі полиция қызметкері қолтықтап алып шығып барады. Артынан видео түсіріп бара жатқан қызы өзіне күш қолданылып жатқанын айтып, "Телефонымды қайтар!" деп айқайлайды.
Полицейлер Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбайды өздері ұстап әкеткен референдум учаскесінің қасына 3 сағаттан кейін алып келіп, телефонын сол кезде ғана қайтарып берген. "Редакцияға хабар беруге, адвокатыма қоңырау шалуға еш мүмкіндік берген жоқ" деді журналист.
"Құқықтық медиаорталық" баспасөзді қорғау ұйымы заң бөлімінің жетекшісі Гүлмира Біржанова BES.media басылымына мұндай жағдайлар журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру деп бағалануы мүмкін екенін айтты. "Егер журналисте редакция тапсырмасы мен редакция куәлігі болса, оның қызметін кез келген кезеңде шектеуге ешкімнің хақы жоқ. Журналиске заң ережесін бұзған деп мін тағуы мүмкін жалғыз жағдай - дауыс беру құпиясына кедергі келтіру" деген заңгердің сөзін келтіреді басылым.
Осы аралықта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді алып кеткен Оқушылар сарайында орналасқан №51 учаскеде дауыс берді. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады. Азаттық Қазақстан президентінің баспасөз қызметіне "Азаттық тілшісін Тоқаев келетін дауыс беру учаскесінен әдейі алып кетті ме?" деп сауал жолдады, әзірге жауап болған жоқ.
Ақорданың баспасөз қызметі Тоқаев "отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді" деп хабарлады.
15 наурызда өтіп жатқан референдумда қазақстандықтарға: "Сіз жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда БАҚ-та жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген жалғыз сұрақ қойылады.
Қазақстанда 12,5 миллиондай сайлаушы бар. Референдум заңы бойынша, солардың 50 пайыздан астамы дауыс беруге қатысқан болса референдум өтті деп саналады.