Қырғызстанда Ташиевтің ұлын полицияға шақырды
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевтің ұлы Тай-Мурас Ташиев полицияға шақырылды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне дереккөздері хабарлады.
ІІМ баспасөз хатшысы Султан Макилов бұл ақпаратты растамады да, жоққа да шығармады. Ол ақпарат кейін берілетінін айтты.
32 жастағы Тай-Мурас Ташиев – Қамшыбек Ташиевтің үлкен ұлы. "Томас и Ко" компаниясы директорының орынбасары. 2021 жылы Жалал-Абад қалалық кенешіне "Ата-Журт Кыргызстан" партиясы атынан депутат болып сайланған. Кейін мандатынан бас тартты.
Ақпанда желіде бұрынғы вице-премьер Бакыт Торобаев пен бизнесмен Эркинбек Жолдошалиевтің аудиосы тарап кеткен. Аудиода бизнесмен зауыты бар жерді Тай-Мурас Ташиевке бергенін, ол бір миллион долларды төлемей кеткенін айтады. Ал Тай-Мурас Ташиев айыпты жоққа шығарып, зауыт жерін 470 мың долларға сатып алғанын мәлімдеген. Торобаев болса "Қамшыбек Ташиев бизнесмен Жолдошалиевке тиесілі жерді сатып алуға көмектесуді сұрағанын, бірақ келісімге араласпағанын" айтқан.
Тай-Мурастың аты "Кыргызневтегаз" мемлекеттік мекемесіндегі жемқорлық схемасында да аталған.
10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевті қызметінен босатқан. Осыдан соң ел ішінде Жапаров пен Ташиевтің "тандемі аяқталғаны" айтылған.
Ташиев қызметтен алынғанын Германияда емделіп жатып естігенін айтқан. Кейін ол Қырғызстанға оралып, кейін қайта шетелге кетті. Қамшыбек Ташиев ұлына қатысты ақпараттарға пікір білдірмеді.