Тоқаев биыл да рақымшылық жариялауды ұсынды
17 наурызда Ақордада Қазақстанның жаңа Конституциясына қол қою салтанатты рәсімінде сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде биылғы жылдың аяғына дейін рақымшылық жариялау туралы заң қабылдау жөнінде ұсыныс айтты.
"Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек", деді Тоқаев.
Былтыр жазда президент Тоқаев Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына байланысты рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойған. Биыл қаңтарда Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты мекемелерден 2 мыңнан астам адам босатылған. Комитет мәліметінше, елдегі соттар шамамен 16 мыңға жуық арыз-өтінішті қарап, нәтижесінде 11 мыңнан астам азаматтың жаза мерзімі қысқартылған. Бұдан бөлек, пробация қызметі есебінде тұрған адамдарға қатысты материалдар қаралып, 2,9 мыңға жуық адам жазаның қалған бөлігін өтеуден босатылған, тағы 7,6 мыңнан астам адамның жаза мерзімі азайтылған.
Ал биыл елде жаңа Конституция қабылдануына байланысты тағы да рақымшылық туралы заң қабылдау ұсынылып отыр.
Орталық референдум комиссиясы сейсенбіде жариялаған ресми қорытындыға сәйкес, жексенбі күні жаңа Конституция жобасы бойынша өткен жалпыұлттық референдумге сайлау құқығы бар ел азаматтарының 73,12% (9,1 млн-нан астам адам) қатысқан. Оның 87,15% (шамамен 8 млн адам) жобаны қолдап, ал 898 мыңға жуығы (9,83%) қарсы дауыс берген.