World News in Kazakh

Тоқаев президент әкімшілігінде ауыс-түйіс жасады

Ерболат Досаев Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде жарлық шығарды.

Оның енді қандай қызметке баратыны айтылмайды.

55 жастағы Досаев президент әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымын жарты жылдай ғана атқарды. Бұл қызметке ол 2025 жылғы қыркүйекте тағайындалған.

Мұның алдында Ерболат Досаев үш жылға жуық уақыт елдегі ең үлкен қала – Алматының әкімі қызметін атқарған.

Ол елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған тұста, 1998 жылы премьердің кеңесшісі қызметіне тағайындалған. Содан бері қаржы, денсаулық сақтау, экономика министрі, Ұлттық банк басшысы, премьердің орынбасары қызметтерін атқарған.

Досаев 2006-2012 жылдары аралығында бизнеспен айналысқан. 2014 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең дәулетті 50 кәсіпкер қатарына енгізген.

Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрлан Байбазаров президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Бұған дейін ол президент әкімшілігінде инвестиция және сауда бөлімінің меңгерушісі болған.

Читайте на сайте