World News in Kazakh

Хуситтер тағы Израильге шабуыл жасады. Иран "жау емес" елдерге Ормуздан өтуге рұқсат ете бастады

Иранның одақтасы – йемендік ереуілші-хуситтер соңғы 24 сағатта Израильге екінші рет ракета жіберіп, Таяу Шығыстағы соғысқа араласа бастады. Ал Тегеран "жау емес" елдердің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат етті.
Израиль 28 наурызда кешке Тегеран мен ирандық әскери-теңіз зерттеу орталығына соққы жасап, Иранға қарсы шабуылын үдетті.
Вашингтонда Америка әскері Иранда құрлық операциясын өткізу жоспарын әзірлеп жатыр.
Washington Post басылымының хабарлауынша, Пентагон Иранға қарсы көп аптаға созылатын құрлық операциясына дайындалып жатыр.

Әзірге президент Дональд Трамп құрлық әскерін орналастыру жоспарын мақұлдай ма, жоқ па, белгісіз деп жазды Америка шенеуніктеріне сүйенген басылым.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, мұндай құрлық операциялары басқыншылықтан гөрі арнайы операция күштері мен жаяу әскері жүргізетін рейдке көбірек ұқсас.

Парсы шығанағына баратын Америка кемелеріне 4 мыңнан астам әскер сияды. Одан бөлек, әуе-десант дивизиясының әскері соғысқа дайын отыр. Құрлық топтарын қосымша күшейту мәселесі талқыланып жатыр.
ХУСИТТЕР СОҒЫСҚА АРАЛАССА НЕ БОЛАДЫ?
АҚШ-та террористік ұйым деп танылған хуситтер тобының соғысқа араласуы қақтығыс аумағын кеңейту ықтиималдығын зорайта түсті. Қазірдің өзінде бұл соғысқа Парсы шығанағындағы араб елдері, Израиль мен Кипр, Үнді мұхитындағы Диего-Гарсия мен Ираннан шамамен 4 мың шақырым жерде орналасқан Шри-Ланка да тартылып отыр.
Әлі күнге дейін хуситтер соғысқа араласудан өздерін аулақ ұстап келген, бірақ 28 наурыз күнгі әрекеті әлемдегі мұнайдың шамамен 10 пайызы өтетін Йемен жағалауындағы Баб әл-Мандаб бұғазының жұмысына қатысты қауіп тудырды. Бұған дейін Иран Ормуз бұғазы арқылы көптеген кеменің өтуіне кедергі келтірген.
Хуситтердің өкілі Яхия Сари өзінің мәлімдемесінде қарулы топ Израильдегі "бірнеше маңызды әскери нысанға қанатты ракеталар мен дрондар легін" жібергенін айтты. Бұл шабуыл Иран мен Ливандағы "Хезболла" жүргізіп жатқан "әскери операциялармен тұспа-тұс келді" деді. Жай-жапсары әзірге толық анықталған жоқ.
Израиль әскері Йеменнен ракета жіберілгенін растады және елдің оңтүстігіндегі Эйлат қаласы аумағына жеткен кезде атып түсірілгенін айтты.
Бір күн бұрын Сари теледидардан сөйлеген сөзінде Иранға шабуыл жалғасса немесе АҚШ пен Израильдің Тегеранға қарсы операциясына тағы елдер қосылса хуситтер "тіке әскери интервенцияға дайын болатынын" растаған.
"КӨПЖАҚТЫ СОҒЫС"
Соғыс ауқымының кеңею ықтималдығы туралы сұраққа жауап берген Израиль әскерінің бригадалық генералы Эффи Дефрин "көпжақты соғысқа дайындалып жатырмыз" деді.
Оның сөзінше, Иранның қару-жарақ өндіру ықтималдығы "бірнеше күнде" айтарлықтай жойылады, себебі соғыстың жалғасып келе жатқанына бір айдан асты.
Израиль Иранды атқылап жатыр. 28 наурызда әскери-теңіз зерттеу орталығына соққы жасады. Тегеранда бірнеше орында жарылыс естілді.
Израиль әскері ирандық теңіз өнеркәсібі ұйымының зауыты "әскери-теңіз қару-жарағының көп түрлерін, оның ішінде суүсті және суасты кемелері, ұшқышпен және ұшқышсыз басқарылатын жабдықтар да бар, әзірлегенін" айтты.
Израиль сонымен бірге Ливанда да Иран қолдайтын "Хезболлаға" қарсы әуе және құрлық компаниясын бастады.
28 наурызда Иранның президенті Масуд Пезешкиан ирандық инфрақұрылымға немесе экономикалық орталықтарға шабуыл жасалса, қарымта жауап болатынын айтып сес көрсетті.
"Егер даму мен қауіпсіздік болсын десеңіз, біздің жауымызға ешқашан да өз елдеріңізден соғыс жүргізуіне рұқсат етпеңіздер" деді Американың әскери базалары шоғырланған аймақ елдеріне қайырылған Иран басшысы.
ОРМУЗ АРҚЫЛЫ ӨТУГЕ РҰҚСАТ КІМГЕ БЕРІЛДІ?
Пәкістан Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат алды. 28 наурызда Пәкістанның сыртқы істер министрі Ысқақ Дар Иран Пәкістан туын ілген тағы 20 кемеге Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат алғанын мәлімдеді. Дегенмен күн сайын екі кеме ғана өте алады.
Таиланд билігі энергетика дағдарысын жұмсартуға тырысып жатқан шақта Bangkok Post-тың жазуынша, Тегеран Таиландтың мұнай танкерлеріне де бұғаздан өтуге рұқсат берген.
Ормуз бұғазы арқылы әлемге тасымалданатын мұнайдың бестен бір бөлігі өтеді. Иран күштерінің оны іс жүзінде жабуы 28 наурызда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бастаған соғысында талқыланып жатқан негізгі сұрақтардың біріне айналды.
Бұған дейін Тегеран "жау емес" елдерге Ормуз бұғазы арқылы кедергісіз өтуіне рұқсат ететінін айтқан. Алайда кейбір кемелер рұқсат алған күннің өзінде, жалпы бұлыңғырлық сақтандыруға қол жеткізуді қиындатқан.
Пәкістан үкіметі Иран мен АҚШ арасында араағайындық танытып, Тегеранға Американың бейбітшілік жоспарын ұсынған. Ол сонымен бірге осы мәселе бойынша келіссөз жүргізу үшін 29-30 наурызда Сауд Арабиясы, Түркия, Египеттің сыртқы істер министрлерін қабылдайтынын мәлімдеген.
Пәкістанның Иранмен 900 шақырымға созылатын шекарасы бар және онда мұсылман азшылық саналатын шиттер тұрады. Иран халқының басы бөлігі – шииттер.
Терроризммен күрес сияқты мәселелерде Вашингтонмен шешілмеген мәселелері бар Исламабад десе де АҚШ-тың одақтасы саналады және оның Парсы шығанағындағы араб елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Читайте на сайте