Ыбықты сайдағы жартасқа атын жазған жігіт жазуды өз қолымен өшірді
Маңғыстау облысында полиция Ыбықты сай аумағындағы жартасқа жазу жазған ер адамды анықтап, жауапқа тартты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz өңірлік ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде Ыбықты сайдағы тастарға белгісіз адамның өз аты мен көлігінің мемлекеттік нөмірін жазып кеткені анықталған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп бұзушының кім екені белгілі болды. Ол 2005 жылы туған жігіт болып шықты.
Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Материал процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар, құқықбұзушы жазылған жазуды өшіріп, аумақты бастапқы қалпына келтірді.
Маңғыстау облысының полиция департаменті табиғи және тарихи нысандар баршаға ортақ құндылық екенін еске салды. Мұндай орындарға ұқыппен қарау қажет. Мүлікті бүлдіру, жазу жазу және қоғамдық тәртіпті бұзу сияқты әрекеттер үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.