World News in Kazakh

Жаңбырдың қатысы жоқ: Алматының Медеу ауданында көшкін жүрді

Алматының тау бөктеріндегі ауданда тағы да көшкін жүрді. Желіде оқиғаның видеосы жарияланды. Жағдайға қатысты қалалық ТЖД пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видео
Оқиға 14 мамырда Медеу ауданындағы Байқоңыр көшесінде болған. Бұл туралы әлеуметтік желіде аудан тұрғындары айтып, топырақ көшкен жерден видео жариялады.

"Бір ғана кәріз люгі бітеліп қалған еді, соның салдарынан үш мың текше метрге жуық топырақ көшіп, жақын маңдағы өзенге түсті. Маңайда адамдар тұрады, абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ", - делінген видеоның сипаттамасында.

Тұрғындардың айтуынша, олар бір сағаттан аса уақыт бойы әкімдікке, ТЖД-ға және басқа да мекемелерге қоңырау шалған, алайда жағдай ушығып жатқанда, оларды бір қызметтен екіншісіне бағыттап отырған.
ТЖД не дейді?
Алматы ТЖД көшкін туралы хабарлама түс кезінде түскенін хабарлады. Оқиға орнына бірден департамент қызметкерлері, "Қазселден қорғау" ММ мамандары мен аудандық әкімдік өкілдері жіберілді.
Ведомство бұл учаскенің рельефі күрделі және тік беткейлі тау бөктерінде орналасқанын, бұл мұндай оқиғалар қаупін арттыратынын атап өтті.

"Комиссиялық тексеріс қорытындысы бойынша мамандар топырақтың сырғуы кәріз құдығының ағуы салдарынан жердің шамадан тыс ылғалдануынан болғанын растады. Қазіргі уақытта ақау жойылды", - деп хабарлады ведомство.

Ресми ақпарат бойынша, тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ: тұрғын үйлер зақымдалмаған, жол ашық.

Читайте на сайте