World News in Kazakh

Шымкентте көшенің қақ ортасында әйелді пышақтап өлтірген тұрғын түрмеден құтылып кетті

Шымкентте әйелдің өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Не болды?
Қайғылы оқиға қаңтардың аяғында болған. Полиция мәліметінше, ер адам көшеде әйелге пышақ жарақатын салған, ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ұстау кезінде ол қарсылық көрсетіп, пышақпен полицейлерге тап берген. Нәтижесінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметтік қару қолдануға мәжбүр болған.
Сотталушының жағдайы және сараптама
Тергеу барысында айыпталушы 2022 жылдан бері психикалық ауруға байланысты есепте тұрған. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болған. Соңғы емдеу курсын 2025 жылы өткен. Сонымен қатар, сот сотталушының мүгедектігі бар адам екенін анықтады.

"Ол соңғы рет 2025 жылдың 17 ақпаны мен 26 наурызында емделген, сондай-ақ 18 тамызда дәрігердің қабылдауында болған. Психикалық ауруына байланысты оған екінші топтағы мүгедектік белгіленген. Сарқұловтың дерті динамикалық бақылаудағы аурулардың бесінші тобына жатады. Ол өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екенін сезінбеген және өзін бақылай алмаған. Сондай-ақ, оның психикалық жағдайын ескере отырып, тергеу әрекеттері мен сот отырыстарына қатысуға қабілетсіз деп танылды", - деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақытжан Төналиев.

Сот шешімі
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамның психикалық дертіне байланысты өз іс-әрекетінің сипатын сезіне алмағанын және мінез-құлқын басқара алмағанын анықтады.
Сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық істі тоқтатты. Оған психиатриялық мекемеде күшейтілген бақылаумен мерзімсіз мәжбүрлі түрде емделу тағайындалды.

Читайте на сайте